Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарынан 30 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді

Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарынан 30 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді

Штаб мүшелері «Арқалық қаласының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның» кезекті отырысына қатысты.

«Биылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарынан 30 отбасы пәтермен қамтамасыз етіліп тұр. Біз барлық құжаттарды қарап, қол қойып, өзге де шығындар бойынша келіп түсіп жатқан сараптама нәтижелерімен таныстық», – дейді өңірлік штаб жетекшісінің орынбасары, Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева.

Штаб мүшелері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналып өткізілген жұмыс жәрмеңкесіне де қатысты.

«Қала әкімі Әмірхан Біркенұлының бастамасымен ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесінде барлық сала өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынып, келушілерге қолайлы жағдай туғызды. Тасқын судан зардап шеккен ауылдардың мәдени ұйымдастырушылары, мұғалім- дәрігерлері де толық жұмыспен қамтылатын болды. Ағайында тек жұмыс істеймін деген ынта болсын. Қала әкімдігі барлығын қамтамасыз етіп, қайсысына болмасын жұмыс тауып береміз деп отыр», – дейді Гүлбану Елтебаева.

Сондай-ақ, өңірлік штаб мүшелері халықтан түскен арыз-шағымдар бойынша үйлеріне барып акт жасап, мұқтаждықтарына қарай гуманитарлық көмектер шоғырланған орталық штабтан азық-түлік, көрпе-жастық жеткізіп берді.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу