Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимін енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді.
Мемлекет тарапынан 100 АЕК мөлшерінде бір жолғы өтемақы төленуде. Мал шығынына орай алғашқы төлемдер төленді.
«Үкімет ауыл тұрғындарының өтініштеріне орай қаладан пәтерлер алып беруде. Баспана мәселесі шешілгесін міндетті түрде жұмыс орны керек екені белгілі. Бүгін біз осы себепті жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Жәрмеңкеге мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардан жүзден астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Қызылжұлдыз ауылы бойынша 184 адам су тасқынынан зардап шекті, оның ішінде 14 отбасыға (отбасы мүшелері 72 адам) Арқалық қаласынан үй алынды.
Білім саласында 15 адам, жеке кәсіпкерде 5 адам жұмыс жасаған, 14 адам өз-өзін жұмыспен қамтыған.
Екідің ауылынан 84 адам зардап шегіп, 15 отбасыға (отбасы мүшелері 60 адам) Арқалық қаласынан үй алынды. Қалаға 4 мұғалім және 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқысы келеді.
Жұмыс жәрмеңкесіне келгендердің бірі – Қызылжұлдыз негізгі мектебінің кітапханашысы Ақтолқын Әлиева.
«Мектепте кітапханашы болып 7 жыл жұмыс істедім. Қаладан жұмыс тауып береміз деп жатыр. Үкіметімізге зор алғысымды білдіремін», – дейді бес баланың анасы.
Жолдасы вахталық жұмыста істейді. Қаладан үш бөлмелі үй таңдап құжаттарын әкімдікке өткізіп қойыпты.
«Қызым мен күйеу балама жұмыс іздеп келдім. Екеуі де мектепте мұғалім болып істеген. Өздері ауылда болып келе алмай қалды. Екеуіне де жұмыс тауып береміз деп жатыр», –деп қуанышын бөліседі аналары Айгүл Ахмет.
Бұл отбасы да баспаналары су тасқынынан тұруға жарамсыз болып қалғандықтан төрт баласымен қаладан үш бөлмелі үйді таңдап қойыпты.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Есламбек Мәметеков те мұғалімдердің бәрінің жұмыспен толық қамтылатындығын алға тартты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы