1 наурыз Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс Күнін мерекелеу аясында 26 ақпан мен 25 наурыз аралығында облыстық ТЖД бөлімшелері оқушылар мен студенттерге, түрлі ұйымдардың қызметкерлеріне сабақтар, кездесулер, бөлімшелердегі Ашық есік күндерін, жаттығу жарыстары мен көрмелер өткізуді қолға алды. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында айтылды.
«1 наурыз күні кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы күні 18 мемлекет мақұлдаған ХҚҰ Жарғысы күшіне енді. Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін мерекелеу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан және қазіргі заманғы зақымдау құралдарынан қорғау құралдары мен әдістері туралы білімді насихаттау және халық арасында тарату мақсатын көздейді», – деп атап өтті облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дмитрий Чиченков.
Дәстүр бойынша іс-шаралар бір ай ішінде өткізіледі. 2024 жылы Азаматтық қорғаныс айлығы «Азаматтық қорғаныс қызметіндегі инновациялық технологиялар» тақырыбында өткізілгелі тұр.
Бекітілген жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар, облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері, кәсіпорындар мен оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, халықты әртүрлі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл ережелері тәртібіне оқыту іс-шараларын ұйымдастырмақ.
Онда оқушыларға азаматтық қорғаныс тарихы, тұрмыста, көшеде, елді мекендерден тыс жерлерде түрлі экстремалды жағдайларда жүріс-тұрыс ережелері туралы айтылады.
«Әрбір азамат тұратын, жұмыс істейтін, оқитын аумақта қандай төтенше жағдайлар туындауы мүмкін екенін және олар туындаған жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі керек. Шынында да, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың қаншалықты сәтті болатындығы халықтың дұрыс және шебер әрекеттеріне байланысты», – дейді азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Рахат Ержетов.
1 наурыз бен 21 наурыз аралығында мектеп оқушылары арасында 21 күндік қауіпсіздік күнтізбесі жүреді. Мектептерге әр күнге штрих коды бар күнтізбе беріледі. Оқушылар штрих кодты сканер жасау арқылы қауіпсіздік ережелері айтылған бейнероликпен таныса алады.
Оқу-жаттығу барысында тұрақты қызметкерлер мен мектеп оқушыларының бірінші кезектегі іс-қимылдары пысықталатын болады.
Айбек ЖҮЗБАЙ