«Диплом жеткіліксіз»: Қазақстанда жұмысшы мамандарды даярлау жүйесі түбегейлі өзгереді

«Диплом жеткіліксіз»: Қазақстанда жұмысшы мамандарды даярлау жүйесі түбегейлі өзгереді

Қазақстанда жұмысшы мамандарды даярлау жүйесі жаңа талаптарға бейімделеді. Үкімет цифрландыру, жасанды интеллект және технологиялық жаңғыру жағдайында кадр даярлаудың қолданыстағы моделін қайта құруды қолға алды.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды.

Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектіні ескере отырып, қолданыстағы кадр даярлау жүйесін қайта құруды тапсырды.

«Жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын дәріптеу негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілген. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуын және технологиялық жаңғырудың қарқынды үдерісін ескере отырып, жаңа білім беру моделін қалыптастыру міндетін қойып отыр», – деді Премьер-министр.

Премьер-министрдің айтуынша, еңбекқорлық, білім мен прогресс құндылықтары жаңа кезеңдегі білім беру жүйесінің негізгі тірегіне айналуы тиіс. Себебі технология қарыштап дамыған заманда еңбек нарығына қойылатын талап та күн сайын өзгеріп келеді. Білім беру жүйесі өндірістегі өзгерістерге тез бейімделуі қажет.

«Мемлекет басшысы экономиканың түрлі саласына заманауи технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыра алатын жаңа буын мамандары қажет екенін үнемі атап өтуде. Жұмысшы мамандықтарына айрықша назар аудару қажет. Қазіргі таңда кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істеп, нақты міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуге тиіс. Қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет», – деді Олжас Бектенов.