Денисовтегі «Сарыағаш» сүт-тауар фермасы он бес жылдығын атап өтеді

Денисовтегі «Сарыағаш» сүт-тауар фермасы он бес жылдығын атап өтеді

Перелескидің қара ала сауынды сиырларының сүті Қазақстанның төрт қаласына тарайды.

Бұл жұмысты «Сарыағаш» сүт-тауарлы фермасы іске асырып отыр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2011 жылы сүт сауу фермасының бірінші кезеңін іске қосты.

blank blank

2012 жылы екінші кезеңі жұмысын бастады. Ферма 1250 бас ірі қараға шақталған. Қазір 1000 бас сауынды сиыр бар. Бір сиырдан күніне 27 литр сүт алады. Жұмыс барысы тұтастай компьютермен басқарылады. Еңбек ұжымының қызметі жан-жақты ұйымдастырылғаны сонша бәрі ортақ тәртіпке икемделген. Маңайында бос жүрген адамды немесе шашылып жатқан қи-қоқысты көрмейсіз.

Фермада таңғы сағат 4-те тіршіліктің нышаны байқала басталады. Ғимарат іші мұнтаздай таза. Едені жылтырап жатыр. Аяғыңызды сүртіп кіріп, тазалық ережесін сақтауыңыз керек. Алдымен сиыр сауу машинасының операторлары іске кіріседі. Таңғы сағат 5-те сауыншылар сиыр саууға шығады. Сауыншы дегенде көз алдыңызға шелек ұстаған қыз-келіншек елестеуі заңдылық. Бала кезден көріп өскеніміз сол көрініс қой. Ал «Сарыағаштың» сүт сауу орталығында бәрі өзгеше.

Арнайы форма киген сауыншылар таза майлықтармен сиырлардың желінін сүртіп, сүт сауу аппараттарын кигізеді. Сол-ақ екен сиыр сауатын «Карусель» атты кешенді аппарат іске қосылып, құбыр бойымен сүт сарылдай жөнеледі. Осы жұмысты басқа бөлмеде отырған оператор терезеден бақылап, қашықтан компьютермен басқара¬ды. Мұнда неміс технологиясы қолданылады. Жоғарыда айтқан «Карусель» жабдығы Германиядан әкелінген. Уақыт өте ескіргендерін дер кезінде жаңартып, ауыстырып отырады.

blank

«Бізде 40 адам жұмыс істейді. Малшылар, механизаторлар, сиыр сауу машинасының операторлары, ветеренар дәрігерлер т.б. Жұмысшы мамандар жеткілікті. Жалақы жақсы, еңбек жағдайында жұмысшы мүддесі ескерілген. Сиырларды сауып, сүтті салқындатқышқа қоямыз. Шикізат күйінде Қостанайға, Жітіқараға, Петропавлға, Ақтөбеге өткіземіз», –деді «Сарыағаш» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Павел Осипенко.

Малды күтіп ұстауға, азықтандыруға, сиыр сауу жұмыстарына асқан ыждағаттылықпен қарап, тазалық ережелерін қалтқысыз ұстанатынын байқадық. Сапалы әрі мол өнім алудың басты құпиясы осы шығар деген ойдамыз.

Шалының қоршауынан шығып қалған шөпті жинап, сиырлардың алдына салып жатқан адамға назарымыз ауды. Алпысты алқымдап қалған ағамызға жақын барып, сөзге тартық.

blank

«2003 жылы Науырзым ауданының Өлеңді деген ауылынан көшіп келдім. Содан бері малшы болып жұмыс істеп жатырмын. 23 жыл болып қалыпты. Ұлдарым үйленген, қыздарым тұрмыста. Маңдай терімізбен тапқан табысымыз бәріне жетеді. Базада жем-шөпті миксермен қысып шашады. Сиырлар тұмсығымен сыртқа итеріп, шығарып тастаған шөптерді жинақтап, алдарына жақындатып отырамыз»,-деп бастады Жаңалық Қожабаев.

Миксер деп отырғаны ішінде арнайы пышақтар мен шнектер бар құрал. Ол жем-шөптің (сүрлем, пішен, сенаж) құрылымын сақтай отырып, мал жеуге ыңғайлы көлемге дейін ұсақтайды.

«Сиырларды азықтандыру таңертеңнен басталады. Күндіз сырттағы шалыда тұрады. Күн бұзылып кетсе ішке, қораға кіргіземіз. Ай сайын сиырлардың салмағын өлшейді. Салмаққа қарап бізге жалақы шығарады. Дәл қазір мына жерде 500-ге жуық қашар жайылып жүр. Салмақтары 350-370 келіге жеткенде жасанды ұрықтандыру жүргізіледі. Күтімін жасап, азығын беріп, желіндері толған уақытта бұзаулайтын жерге апарамыз», – дейді Жаңалық аға.

Облысымыздағы тұрмысы түзу ауылдардың бірі осы Перелески. Мұнда жергілікті халықтың тіршілігіне қажетті жағдайлар толық жасалып, әлеуметтік инфрақұрылым жақсы дамыған. Әр үйге газ кіргізілген. Ауыз су да сарылдап тұр. Жол қатынасында қиындық сезілмейді. Аудан орталығына тиіп тұр, небары 28 шақырым жерде жатыр. 2025 жылы ауыл ішіндегі Центральная және Юбилейная көшелері бюджет қаражаты есебінен орташа жөндеуден өтіпті. «Сарыағаш» ЖШС-нан тартылған қаржыға темір жол станциясының аумағындағы бес көшенің жолы грейдерленді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қысты күні жолды күтіп ұстауға, қар аршуға көп көмек беретін көрінеді. Ең бастысы тұрғындарды толықтай жұмыспен қамтып отыр.

«23 жылдан бері осы ауылдың тұрғынымын. Осынша жыл «Сарыағаш» ЖШС-да жұмыс істеймін. Қазір зейнеткермін. Әлі күнге еңбектен жалыққан емеспін. Жем-шөп базасында жұмыс істеймін. Мал азығын дайындаймыз. Күнде таңертең сегізде шаруашылықтың еңбекшілерін жинап алып кетеді. Кешке үйге қайтамыз. Жалақыға көңіл толады. Бұл жер берекелі ауыл. Осында өсіп-өндім, ұрпақ сүйдім. Балаларым есейіп, өз алдарына бір-бір шаңырақ болып қалаға кетті. Көріп отырсыздар, жаңадан асфальт төселді. Жастар үшін стадион, хоккей алаңдары жасақталды», – деп жылы лебізін білдірді жергілікті тұрғын Николай Белов.

Ауылда көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 100 %-ға жетіпті. 2023 жылы жаңа су құбырының құрылысы басталып, 2024 жылы әр үйге ауыз су кірді. Осылайша ауыл халқы 100% сапалы сумен қамтылды.

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Суреттерді түсірген Василий Васильев