Allur зауыты өндірістегі кадр даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшті

Allur зауыты өндірістегі кадр даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшті

Ол туралы кәсіпорын  қызметкері Сұлтан Бекмағамбет «QOSTANAI TECH» фестивалінде айтты.

Бүгінде кәсіпорында қызметкерлерді оқытуда заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Соның ішінде виртуалды шындық (VR) құралдары ерекше орын алады. Арнайы көзілдіріктер арқылы жұмысшылар қозғалтқыштардың құрылымын, олардың жұмыс істеу принциптерін және түрлі өндірістік үдерістерді теориялық тұрғыда меңгере алады.

«Сонымен қатар, стендте Chevrolet Onix автокөлігінің қозғалтқышы қойылған. Қызметкерлер оны өз көздерімен көріп, құрылымын жан-жақты зерттей алады. Бұдан бөлек, бізде арнайы бұрандалы стендтер бар – олар горизонтальды және әртүрлі бұрыштарда орналасқан. Бұл құрылғылар қызметкерлерге нақты өндірістік жағдайларға бейімделіп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Электроника бағытындағы оқыту жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Мұнда автокөліктегі түрлі датчиктер мен басқару жүйелерінің жұмыс істеу принциптері көрсетіліп, түсіндірілді. Осындай кешенді дайындықтан өткен мамандар кейін нақты өндірістік процестерге тартылып, өз білімдерін іс жүзінде қолданады», – дейді Сұлтан Бекмағамбет.

Кәсіпорында қауіпсіздік талаптарын бақылауда да жасанды интеллект қолданылады. Арнайы камералар арқылы қызметкерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтау деңгейі қадағаланып, барлық деректер талданып, жауапты бөлімдерге жеткізіледі. Жалпы, өндірістік үдерістердің көпшілігі цифрландырылып, жасанды интеллект көмегімен талданып отыр. Сондықтан Allur сияқты заманауи зауыттардың болашағы дәл осы инновациялық технологиялармен тығыз байланысты деп айтуға болады. Бүгінде зауытта үш жарым мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпорында жетіден астам автокөлік бренді шығарылады. Бұл Allur кәсіпорнының ел экономикасындағы маңызын айқындай түседі.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА