Қостанайда Цифрландыру күніне орай Digital Qazaqstan Day іс-шарасы өтті. Онда облыстық цифрлық тұрғыда дамуына үлес қосқан үздік стартапшылар, озық жобалар мен цифрлық қоғамдастықтың белсенді қатысушылары марапатталды.
Бүгін – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар күні. Осыған орай өткен іс-шара өңірдің цифрлық қауымдастығы өкілдерін, бастамашыл жастарды, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдердің жүзеге асуына атсалысып жүрген азаматтарды бір алаңға тоғыстырды. Оны Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы және Qostanai Hub бірлесе ұйымдастырған. 
Ашылу рәсімінде сөз алған басқарма басшысы Азамат Қашиев өңірде цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
«Облыста цифрлық экожүйені қалыптастыру, IT-инфрақұрылымды және антенна-мачта құрылыстарын салу жұмыстары жүріп жатыр. Өнеркәсіп кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар белсенді енгізілу үстінде. Мысалы, индустриялық аймақтағы «КІА», «КамАЗ Инжиниринг» сияқты кәсіпорындарда роботтар мен заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Жалпы, өңірімізде цифрлық технологиялар әрбір салаға кіріге бастады. Мұның қатарына «Ақылды қала» жобасын да қоса кетуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек», – деді Азамат Қашиев.

Салтанатты іс-шарада облыстың барлық IT-қауымдастығы, IT-мамандары және цифрлық экожүйеге қатысы бар бүкіл сала мамандары марапатталды. Сондай-ақ аймақтағы IT-инфрақұрылымды қалыптастыруға көмек көрсетіп жүрген коммуналдық кәсіпорындар да ардақталды. Атап айтқанда, оларға министрліктің Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және басқарма басшының ведомстволық марапаттары табыс етілді.

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
