Бұрысы қайсы, дұрысы қайсы? kaz.tengrinews.kz

Бұрысы қайсы, дұрысы қайсы?

Ауылдық жерлерде мал өсіріп, оның өнімін сатып күнелтіп отырған ағайын ветеринарлық-санитарлық инспекцияның  талаптарына наразы.

Ведомсвтво өкілдері  етті ауылдан қалаға тасымалдау үшін мал міндетті түрде арнайы қасапханаларда сойылуы керектігін алға тартады. Онсыз етті сатуға тыйым салынған. Яғни, шаруа адамы өзі өсірген түлігінің ақ адал етін саудалау үшін бір парақ анықтамаға тәуелді. Еттің санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы құжаты болмаса, жәрмеңкеге жолау мүмкін емес. Қостанайлық шаруалар осыған налиды.

Жақында облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы тауарларының кезекті жәрмеңкесінен ши шықты. Жүздеген шақырымды артқа тастап,  өнімін саудалауға келген тұрғындардың  жаңа ережені естігенде салы суға кетті. Өйткені, сауда сөрелеріне шығарылатын ет тек мал сою алаңы арқылы өтуі тиіс.  Ондай пункттер көп жерде жоқ.  Оның үстіне бағасы да қалтаға салмақ түсіреді. Ал, атқарушы билік ет және ет өнімдерін  қалалықтарға  қол жетімді бағамен сатыңдар деген талап қойған.

Айткүл Оразбаева (кейіпкердің есімі өз өтініші бойынша өзгертілді-автор) ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде ұзақ жылдан бері ет сатады. Айтуынша, ауылда отырып, мал өткізу тиімсіз. Делдалдар оны болмашы тиын-тебенге сатып алады. Сондықтан,  мұндай жәрмеңкелер мал етін делдалсыз сатудың жалғыз жолы дейді. Бұрын ет өнімдерін еш кедергісіз тасымалдап келген Айткүл  енді көлденең кедергіге тап болып отыр.

“Бәлен шақырым  жерден етті тасымалдау үшін қаншама шығын шегеміз. Ал бізге етті арзан бағаға сатқанымыз үшін компенсация төлемейді. Сонда маған ет сатқаннан қандай пайда бар?  Оның үстіне қазір Ресейден импортталатын ет өнімдері көп. Яғни, бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Әкелген өнімің кесімді бағаға өтпесе, табыс таппасақ шиеттей-бала-шағамызды кім асырайды? Қит етсе мал сою пунктіне сілтейді. Ондай арнайы  алаң  біздің жақта жоқ”, – дейді Айткүл Оразбаева.

Қысқасы, қарапайым шаруа адамына бұл едәуір соққы болып  тиіп тұр. Бұрын ет сату үшін бір жапырақ анықтама жеткілікті еді. Түлікті мал сою алаңына апаруды да  міндеттей қоймайтын. Бұл жолғы талап онсыз да ет өнімдерін өткізе алмай жүрген жандардың ашуын тудырды. Дегенмен,  ветеринарлық бақылаудың аумақтық инспекциясы мамандары шаруалардың бұл уәжімен келіспейді. Мал өнімдеріне қатысты  ветеринарлық-санитарлық талап бұрында болған деп отыр.

“Кез келген малды соймас бұрын тексеруден өткізбесе, оның өнімін сатуға жол берілмейді. Ветеринариялық-санитариялық сараптама ет комбинаттарында да, жәрмеңкеде де мобильді зертхана арқылы  жүзеге асырылады.  Бүгінде облыс аумағында барлығы алты ет комбинаты, он төрт  сою пункті, жиырма бір сою алаңы жұмыс істейді. Егер малды әркім өз бетінше соя берсе, санитарлық норма қайда қалады? Ауру малдың етінен жұқпалы ауру тарамасына кім кепіл болады?” – дейді инспекция мамандары.

Қазіргі таңда  облыстың Ұзынкөл, Науырзым, Жанкелдин, Федоров, Қамысты, Алтынсарин тәрізді алты  ауданында мал сою алаңы жоқ. Жергілікті әкімдіктер, ветеринарлық инспекция  тарапынан бірнеше рет ескертілсе де, нәтиже шығар емес. Бұл мәселенің бір жағы. Қазақстан ет Одағының басшылары мал сою алаңдарын ашу мәселені түбегейлі шешпейді деп отыр.

“Елімізде мал өнімдерін терең өңдейтін ет комбинаттарын салу туралы арнайы шешім де бар. Онда тағы қосымша ақы төлеуің керек. Сондықтан, фермерлердің көбі малдың терісін, ішек-қарынын лақтырып жіберуге мәжбүр. Ал дамыған елдерде 200 мың теңге төлесеңіз жақсылап өңдеп береді. Бізде еттің өзін осы бағаға әрең өткізесің”, – дейді Қазақстан ет Одағындағылар.

Мәселен, фермер өгізді тірідей салмағымен сатқанмен, тек еті үшін  ғана ақша алады. Заманауи ет комбинаттарында малдың терісі мен ішкі ағзалары, қаны, мүйізі, тіпті, тұяғына дейін қайта өңдеуге жіберіледі. Біздің елде  тірі өгізді сатсаңыз әрі кетсе 1000 доллар аласыз. Ал қалғанының барлығы сатып алушыға тегін барады деген сөз. Өзбекстанда  субөнімдердің өзінен қосымша 120 доллар ақша табатын көрінеді.

Терісінің өзі 20 долларға пара-пар.  Яғни, бұл  қосымша табыс. Осыдан-ақ, қаншама мал өнімі дала шіріп жатқанын бағамдай беріңіз.  Дей тұрғанмен Қазақстан ет Одағы да мал өнімдерін сату ережелерін қатаңдату мәселесін қолдайды. Өйткені, соңғы кезде елімізде төрт түліктен тараған қауіпті ауру түрлері өрши түскен. Тіпті, соңы адам өліміне әкеп соқтырған фактілер де аз емес.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу