«Арқалықтың поштасы зейнетақы бермей жатыр» деген сөз желдей есіп кетіпті. Рас болса, бұл сұмдық қой. Мәселенің мән-жайын білмекке поштаға қарай асықтық. Кезекте тұрған халық нөпірі жоқ екен. Бірлі-жарымды адам кезегін күтіп отыр. Операторлардың бәрі жұмыс істеп тұр. Олай болса, мәселе неде?… Біз халыққа қызмет көрсету аясы туралы пошта басшылығынан сұрап білдік.
Айна ТАСҚОЖАЙҚЫЗЫ,
«Қазпошта» АҚ Арқалық қалалық филиалының басшысы:
– Пенсия беру 4 наурыз 2024 жыл түстен кейін басталды. Әдеттегідей халыққа қызмет көрсетіп жатырмыз. Зейнатақысын ала алмай кетіп жатқандар кездеспейді. Тек, банкоматымыздың ақауланып қалғаны рас. Бұл уақытша үрдіс. Жөндеп, қалпына келтіреміз. Банкомат істемесе кассадан алуға болады. Операторларымыз үздіксіз қызмет көрсетіп отыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қызмет көрсетілмей қиындық көріп жатқандар жоқ.
Бұған дейін газетіміздің бетінде поштаның кешігіп келетіні жайлы да мәселе көтерілген болатын. Арқалық қаласының құрметті азаматы Мұхамедрахым Спандиярұлы «Боран жоқ, енді неге газетіміз уақытылы келмейді?», – деп алаңдаулы.
Тұрсынкүл ҚАПАШҚЫЗЫ,
«Қазпошта» АҚ Арқалық қалалық филиалының басшысының орынбасары:
– Жеке жазылушыларға газет-журналдары жеткізілмей жатса тексеріп, анықтаймыз. Қазір тасымал жүйесі жақсарды. Пошта қыс мезгілінде аптасына үш рет тасымалданса, қазір көктем шықты бес мәрте алдырып жатырмыз. Поштаны көршілес Аманкелді ауданынан аламыз. Төрт күн өз көліктерімізді жібереміз, бесінші күні Қостанайдан тікелей жеткізіледі. Біздің де айтар назымыз бар. Кейбір кісілер зейнетақы беретін уақыт басталмай жатып, касса басында шу көтереді. Банкоматты дұрыс қолданбай бұғаттап тастайтындар да аз емес. Басына адам қойып қадағалап та көрдік, болмайды.
Айгүл ТАСМҰРАТҚЫЗЫ,
пошта бөлімшесінің басшысы:
– Түстен кейінгі уақыттан бастап пенсия беру басталды. Адамдар қызметімізге жүгініп зейнетақыларын алып жатыр. Өзімізге тікелей ешқандай шағым жасалған жоқ.
Қызмет көрету процесі әркімде әрқалай. Кейде техника болғандықтан база тежеліп қалады. Ондайда бізге де, халыққа да шыдамдылық танытып күте тұруға тура келеді.
Қайныкеш ДҮЙСЕНБАЙ,
зейнеткер:
– Пенсиямды алуға келдім. Банкомат істемей тұр екен, кассадан барып алдым.
Кезек күтіп көп отырған жоқпын. Қолдарынан келгенше қызметтерін көрсетіп жатыр.
Айтар шағымымым жоқ.
Біз ауылдардағы ахуалға да назар аудардық. Екідің, Әбдіғапар хан ауылдарына бір пошташы бекітілген. «Ауылда 27 зейнеткер бар. Олардың төртеуі ғана зейнетақысын пошта арқылы алады. Пошташы көрші ауылда болғандықтан, санасып жатпай газеттерді өзім жеткізіп жүрмін», – дейді Әбдіғапар хан ауылының әкімі Мереке Жұмабекұлы.
Жалғызтал ауылының әкімі Олжас Исатайұлының айтуынша, ауылда пошташы бар. Онда 23 зейнеткер тұрады. Пошта уақытылы жеткізіліп жүр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы