Торғай төсіндегі шежіреге толы Шилі ауылдық округі – кеше ғана іргелі елді мекендердің бірі еді. Аудан орталығынан жүз шақырымнан астам қашықта орналасқан ауылдың өткені де, тарихқа толы. Нарықтық кезеңге дейін ұжымшар, кеңшар орталығы болған Шилі бір кезде үш жүзге жуық түтін қоныстанған үлкен қауым еді. Бүгінде 45 шаңырақ, 250-ге жуық тұрғын қалса да, ауылдың жүрегі соғып тұр.
Қайнекейдің атындағы мектептің
Қамын ойлар табылар ма бір адам?!
Шилі – қазақтың біртуар марқасқа ұлдарының кіндігі кесілген қасиетті топырақ. Бұл өңірде шежіреші, шайыр, Торғай ақындар мектебі ұстаздарының бірі Әбіқай Нұртазаұлы, ақын, жырау, күйші, шежіреші шешен, балуан Ахметхан Әбіқаев, ақын, ұстаз, діндар Әлмағамбет Оспанұлы дүниеге келген. Халқымыздың көрнекті ақыны Қайнекей Жармағанбетов осы топырақта туды. Ақын, ғалым халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Серікбай Оспанұлындай ақындарды тербеткен киелі өлке. Бұл ел 1917 жылы Бостандық мектебін ашқан тарихи мекен. Оның негізін қалауға Әлмағанбет Оспанұлы себепкер болған.
Бұрын Шилі мал шаруашылығын негіз еткен үлкен ауыл болған. Жерінің кеңдігіне қарай бұл өңір Бас Шилі, Орта Шилі, Аяқ Шилі деп үшке бөлініпті. Заманында үш жүзге жуық түтіннен қазір қырық бес шаңырақ қалыпты. 250 жан мекен етіп отыр.
Алайда осындай мықтыларды өмірге әкелген өңірде қазір бірқатар әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – білім саласына қатысты түйткіл. Шилі ауылындағы Қайнекей Жармағанбетов атындағы он бір жылдық жалпы білім беретін мектебінде 39 оқушы ғана бар. Ауылдықтар білім ошағының тағдырына алаңдаулы. Мектеп директоры Дастан Абдуллин бізбен тілдескенде, ауылдағы оқушылар санын ұстап қалу үшін жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Мектептің іргетасы осыдан алпыс жыл бұрын қаланған. Қазір бала санын көбейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын ауыл халқының қолдауымен Қазақстанның басқа өңірлерінен отбасылар көшіріп әкеліп жатырмыз. Былтыр екі отбасы көшіп келді. Жақында ғана Түркістан облысынан бір отбасын жеті баласымен көшіріп әкелдік. Тұрғындар жыл сайын көшіріп әкелген отбасыларға қораларына мал және ақшалай көмек беріп отырады. Ал ауылдың шаруа қожалықтары көшіп келгендерге екі жылдық отын сумен, малдарына жем-шөппен көмектеседі», — дейді мектеп басшысы.
1966 жылы құрылған елді мекендегі мектеп жабылып қалмау үшін осында туған, осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар 2021 жылдан бері арнайы қоғамдық қор құрып, ауылға көшіп келгісі келетін азаматтарды өздері іздестіруде.

Елге ел қосылса – құт
Тұрғанай Нәлібекова мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасы аясында Түркістан жерінен отбасымен бірге Шилі ауылына биыл қыста көшіп келді. Бұған дейін күнгей аймақта учаскелік медбике болып қызмет атқарған ол жаңа өңірде де мамандығы бойынша жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Көп балалы отбасында жеті перзент тәрбиеленуде. Үлкен қызы Роза 13 жаста, 8-сыныпта білім алуда, ал кенжесі Толғанай 3 жаста, балабақшаға барады. Қазіргі таңда бес бала мектепте оқыса, екеуі мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
Жұмыс күші керек өңірлерге қоныс аудару туралы мемлекеттік бағдарлама барын ағайын-туыстардан естіген Тұрғанай Шилі ауылының әкімі Ербол Ғарифоллаұлына хабарласқан. Сөйтіп, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы көлік ұйымдастырылып, отбасы ақпан айының соңында жаңа қонысына жетіпті.
Бұрын көріп, білмеген ортаға тез бейімделген балалар ауыл өміріне үйреніп қалды. Ал жергілікті тұрғындар қоныс аударушыларды жылы қарсы алып, қазақы қонақжайлық танытты.
Қазіргі уақытта Тұрғанай Нәлібекова Шилі ауылындағы медициналық пунктке жұмысқа орналасу үшін қажетті сертификатын қайта рәсімдеу үстінде. Жоспар бойынша, ол жақын арада қызметіне кіріспек. Бұл отбасы жақында ішкі қоныс аудару бағдарламасы аясында әрбір отбасы мүшесіне тағайындалған 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көшу субсидиясын алған.
Мектеп директорының айтуынша, көшіп келген азаматтардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайды. Мұғалім болса, мектепте жұмыс бар. Жалпы, мұнда еңбек етемін деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Әсіресе, теріскейде мал бағамын, егін саламын деген адамға жергілікті әкімдік жер беріп, шаруасын дөңгелетіп әкетуге көмектесетіндерін айтып отыр.
Күнгейден келгендердің арасында қайта көшіп кеткендер де, жергілікті тұрғындармен жерсініп қалғандар да жоқ емес.

Биыл оңтүстіктен 4 отбасы көшіп келеді
Қалай дегенмен, соңғы жылдары ауылдың инфрақұрылымы айтарлықтай өзгерді. Құны 400 миллион теңге болатын су қондырғысы орнатылып, елді мекенде ауызсу мәселесі толық шешілген. Сонымен қатар байланыс жүйесі тұрақты жұмыс істейді, әр үйге интернет желісі қосылған.
«Биыл ауылға тағы төрт отбасын көшіріп әкелу жоспарланған. Қоныстанатын үйлер алдын ала жөнделіп, әктеліп, сырланып, дайын тұр», – деді ауыл әкімі Ербол Досмағамбетов.
Қазіргі таңда елді мекенде мектептен бөлек, медициналық пункт, кітапхана және мәдениет үйі, клуб, мешіт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының білім алуына, денсаулығын сақтауға және рухани дамуына мүмкіндік беруде. Шиліде тарихи-мәдени мұралар да сақталған. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналып, 1968 жылы ескерткіш тақта орнатылса, 1988 жылы мектеп ішінен белгілі тұлға Қайнекей Жармағанбетовтың мұражай-үйі ашылыпты.
Соңғы жылдары ауылда қылмыстық ахуал тұрақты. Тіпті ұсақ бұзақылық та тіркелмеген. Мұның себебі 2020 жылы «ішімдіксіз ауыл» деген мәртебе алыпты. Шынымен де мұндағы сауда нүктелерінде алкоголь өнімдері сатылмайды екен. Жангелдин ауданындағы ішімдіктен бас тартқан үш ауылдың бірі осы Шилі.

Шиліге көшсең, қораңа мал, өзіңе жұмыс табылады
Ауыл ақсақалы Ахат Әбілғазин туған жерінен алыстамай, бар қиындыққа қарамастан ауылда қалып қойған жанның бірі.
– Мен 1951 жылы осы жерде дүниеге келдім. Ол кезде мұнда Сасықсор деген бөлімше болған. 1993 жылы сол бөлімшеден Шиліге көшіп келдім. Елдің көбі үдере көшкен уақытта мен туған жерімде қалуды жөн көрдім. Балаларымның барлығы қалада қызмет істейді. Бірақ өзім туған топырағымнан алыстағым келмеді. Қолымда туған інім бар, оның отбасы, өз балаларым – бәрі өсіп, әрқайсысы өз тірлігімен қалаға кетті. Кемпірім екеуміз осындамыз – деп бастады әңгімесін ауыл ақсақалы.
Ақсақалдың айтуынша, ол жас кезінде ұзақ жылдар шопыр болып еңбек еткен. Кейін ауылдар тоқырауға ұшыраған кезеңде жедел жәрдем көлігін 17 жыл айдап, сол жерден зейнетке шыққан.
– Кезінде Шилі аты шыққан ауыл болатын. Бұл жерден талай Еңбек ерлері шықты. «Шилі – киелі жер» деп бекер айтылмаған. Қазір ауылға қарайтын болсаң, көңіл құлазитын сәттер де бар. Дегенмен соңғы екі жылда көші-қон тұрақталып келеді. Сырттан көшіп келіп жатқан отбасылар бар. Мектебіміз жабылып қалмасын деп көпбалалы отбасыларды әкеліп орналастыруға күш жұмсап жатырмыз, – дейді көнекөз.
Ауылға келушілерге жасалатын қолдау да аз емес.
– Жаңа көшіп келген отбасыларға бес ірі қара мал беріледі. Екі жыл бойы тегін отын-суымен қамтамасыз етіледі. Отын, шөбін дайындап береміз. Осындай жағдай туғызамыз. Биыл екі отбасы көшіп келді. Денсаулығымыз сыр берсе, тура жолмен Қостанайға барып қараламыз, – дейді ауыл тұрғыны.
«Жол жылдағыдан қарағанда дұрысталды. Тас төселіп жатыр. Өздеріңіз көрген шығарсыздар. Бізде мал су ішетін су жоқ. Сондықтан бөгетімізді дұрыстап берсе деген тілегіміз бар. Отын мәселесі де шешілген. Отынның тоннасы күзге қарай 12 мыңнан, кейде қыстың күні 20-25 мың дейін қосылады», — дейді шиліліктер.
ШҰҒА ҚОҢҚАБАЙ
ЖАНГЕЛДИН АУДАНЫ
