«Әдет қалыптастырудың Атом әдеті»

«Әдет қалыптастырудың Атом әдеті»

«Зейін» оқырмандар клубының кезекті спикерлік кездесуі «Әдет қалыптастырудың Атом әдеті» тақырыбында әлемге кеңінен танымал «Атом әдеттер» кітабының мазмұнына арналды. Бұл жолы жиын қонағы — кітапхананың тұрақты оқырманы Аружан Қамбарова қатысушылармен әдет қалыптастырудың тиімді жолдары, тұлғалық дамудағы жүйеліліктің маңызы және тұрақтылыққа жетудің нақты қадамдары туралы ой бөлісті.

Кездесу барысында спикер Джеймс Клир еңбегіндегі негізгі тұжырымдарға тоқталып, «кішкентай қадамдар – үлкен нәтижеге бастайды» қағидасын кеңінен түсіндірді. Ол күнделікті өмірде аз да болса жүйелі әрекет ету арқылы кез келген дағдыны қалыптастыруға болатынын атап өтті. Сонымен қатар, әдетті бекіту үшін орта қалыптастыру, нақты мақсат қою және өзін-өзі бақылаудың маңызына ерекше назар аударылды.

— Кітапта табыс үлкен өзгерістерден емес, күн сайын қайталанатын ұсақ әрекеттерден басталатыны нақты дәлелдермен көрсетіледі. Ол ұсынған «1% жақсару» қағидасы күн сайын аз ғана ілгерілеудің өзі уақыт өте үлкен нәтижеге жеткізетінін түсіндіреді. Сонымен қатар әдет қалыптастырудың төрт негізгі заңы бар: оны айқын ету, тартымды ету, жеңілдету және қанағат сыйлау. Адам өз мінез-құлқын өзгерту үшін ең алдымен ортасын өзгертуі керек, себебі қоршаған орта – әдеттердің басты триггері. Автор жаман әдеттерден арылу үшін керісінше осы төрт заңды теріс бағытта қолдану қажет екенін мысалдармен жеткізеді, — дейді Аружан Қамбарова.

blank

Қатысушылар да өз пікірлерін білдіріп, кітаптан алған әсерлерімен бөлісті. Еркін форматта өткен кездесуде түрлі сұрақтар қойылып, тәжірибелік мысалдар арқылы пайдалы кеңестер ұсынылды. Жиын оқырмандарға жаңа мотивация беріп, өзін-өзі дамыту жолында нақты бағыт-бағдар ұсынған мазмұнды алаңға айналғандай.

— Мен «Атом әдеттер» кітабын оқығым келіп жүрген. Кітапханаға келгенде аламын деп ұмытып кете беретінмін. Бүгінгі спикерлік кездесуден кейін бірден атыма жаздырып алдым. Аружанның айтуынша, әдет қалыптастыру үшін адам қарапайым ережерлерді білсе жеткілікті. Көбіне біз мән бере бермейтін, алайда, пайдасы көп ақпарат айтылды. Әсіресе, араласатын ортаның адамға ықпалы, жалпы әсері өте жоғары екеніне тағы бір мәрте көзім жетті, — дейді «Зейін» оқырмандар клубының мүшесі Сарвиноз Омарова.

Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4-курс студенті