Қауіп аймағындағы мекендерді қардан тазалау мейлінше жылдам жүруі керек. Аптадан аспайтын уақытта аяқталуы қажет. Өйткені қар қазірден-ақ баяулап ери бастады. Биыл бір де бір үйге қарғын су кірмеуге тиіс. Бұл – облыс әкімі қадап тапсырып отырған міндеттеме. Құмар Ақсақалов Қостанай-2 ауданына барып, қауіптің алдын алу жұмыстарымен танысты.
Бұл – көктем сайын шағымы көбейетін шағын аудан. Жыл сайын еріген судан жер үйлерге нұқсан келеді. Көшеден аулаларға су кіріп, әбден әбігерге салатын. Себебі көп үй ойпаңдау орналасқан. Сосын барлық аула қалың түскен қарды уақытылы аршып, тысқа шығаруға қауқарсыз. Әсіресе егде жастағы, жалғызілікті, ерекше қажеттілігі бар тұрғындардың мұндайға мұршасы жоқ. Оның үстіне бұл жақтағы су өткізу нысандары да осалдау еді. 


Осыны ескеріп, олқылықтан нәтиже шығарған қала басшылығы аз жұмыс атқарған жоқ. Былтыр «Қостанай-су» кәсіпорны күшімен аталған тұрғын алабында 58 көшеде нөсерлі су бұру жүйелері орнатылып, ескілері толық жөнделіпті. Бүгінде оның жалпы ұзындығы 21,9 шақырым болады. Бұған 786 млн теңге жұмсалған. Осының арқасында Қостанай-2 тұрғындарынан былтыр ешқандай шағым түспеген көрінеді.
Ал енді қазір осы тұрғын алапта көше қарын аршу күшейтілген режимде жүріп жатыр. Жұмысқа «КапиталГруппСоюз» ЖШС мердігер ұйымы бас болып, облыстық ТЖД жеке құрамы мен ІІМ академиясының сексен курсанты, Жастар ресурстық орталығының елу волонтері жұмылдырылған. Олар бірінші кезекте қол көмегіне мұқтаж азаматтарға жәрдем береді.

«Қостанай-2 ауданында су басу қаупі бар аумақтар мен көшелерді қардан тазалауға 18 техника бөлінді. Қазіргі уақытта 40 мың тоннадан астам қар шығарылды. Қазір мұнда жұмысшылар күші де жеткілікті. Академия бізге жақсы көмектесіп жатыр. Түске дейін және кешке шейін ұзын саны 200 курсант жіберіп отыруға дайын. Жәрдемдесіп жатқандарына алғашқы жыл емес. Еріктілеріміздің үлесі өз алдына. Ал енді бұл аумақта 42 үй ауласының қарын аршу керегі анықталған-тын. Олардың 24-і толық тазаланды», – дейді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Жалпы, бұл тұрғын алабында қарғын суды өткізетін 4,9 шақырымдық нөсер жүйесі бар. Сонымен қатар жиналған суды Тобыл өзеніне ағызуға қызмет ететін бес гидротехникалық нысан жұмыс істеп тұр. Бұл да ықтимал қауіпті сейілтуге себесін. Дегенмен қар белсенді ерімей тұрып, жоспарлы істі жедел аяқтаған жөн. Аулаларды аралап, тұрғындар ахуалын біліп, жұмыс ауанын бақылаған өңір басшысы осыны қайта-қайта тапсырды.
«Қар шығару жұмысы Наурыз мейрамына дейін аяқталуы керек. Бір апта уақытта үлгермесеңіздер, қосымша күш қосу қажет болады. Мерекеде тұрғындардың басында мәселе туындамауға тиіс. Жалпы, кез келген сценарийге техникалық жағынан дайын болуымыз шарт. Сосын, облыс аумағында бір де бір үйге судың кіруіне жол бермеу керек. Қажетті қаржы бөлінді. Тиісті тапсырма берілді. Техника да жеткілікті. Енді тек күндіз-түні жұмыс істеу ғана қалды. Жұмыстың тиімділігіне адамдардың қаіпсіздігі, инфрақұрылымның ақаусыз қызметі тікелей байланысты. Тұрғындар дереу жүгінуі үшін штабтарға да белсенді жұмыс істеуді тапсырамын», – деді облыс әкімі.
Сонымен, Қостанай-2 тұрғын алабында 16 наурыздан бастап облыстық ТЖД жеке құрамынан штаб ұйымдастырылды. Ол Белинский көшесіндегі №122 мектеп маңында орналасқан. Штаб басшылығы облыс әкіміне жұмыс жоспарын таныстырды. Олар су тасқыны қаупі бар учаскелерде 10 гидробекет орнату көзделіп отырғанын айтты.



Жалпы, қар шығаруды аптадан кешіктірмей аяқтау – бүкіл аудан-қалаға берілген ортақ тапсырма. Қазір облыстың әр өңірінде жұмыс белсенді жүріп жатыр. Арналар мен суағарлар тазалану үстінде. Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары 85 пайыз орындалған. Ал енді қауіп анағұрлым жоғарырақ аумаққа Қарасу ауданы кіріп отыр. Жітіқара, Федоров аудандарындағы ықтимал қатер орта деңгейде. Төмен дәрежеде Қостанай және Лисаков тұр.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Лариса Божко
