1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін арқалықтықтар да мамыражай тірлікпен, ынтымақты бірлікпен атап өтті.
Орталық Демалыс саябағындағы дала сахнасында ән мен жыр әуелеп, күй мен би шалқып мерекеге жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қала әкімінің орынбасары халықты мейраммен құттықтап, көп балалалы аналарға «Күміс алқа» наградаларын салтанатты түрде табыс етті.
Ашық аспан аясында, тамаша табиғат құшағында қауышқан қала тұрғындары мен қонақтарына қалалық білім бөлімі мен қалалық халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының ұйымдастыруларымен балалар шығармашылығын паш еткен көңілді концерт ұсынылды.
Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы атап өткендей бүгінде Арқалық қаласында балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жас ұрпақтың игілігі үшін шығармашылық және спорттық үйірмелердің саны артуда.
Бұл жолда, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған орталық «Демалыс» саябағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Кішкентай бүлдіршіндер үшін мұнда түрлі-түсті субұрқақ орнатылып, ол балалардың ерекше қызығушылығына ие болуда. Сондай-ақ, заманауи «Кемпірқосақ» сырғанағы мен отбасылық демалысқа арналған әртүрлі аттракциондар қарастырылған.
Бұдан бөлек, саябақта теннис корты жабдықталып, көше тренажеры орнатылып, түрлі спорттық алаңдарда жастар мен белсенді демалысты қалайтын тұрғындардың спортпен айналысып, уақыттарын пайдалы өткізуіне жағдай жасалған.

Мереке күні аттракциондар 10 жасқа дейінгі балаларға тегін, өзге жас ерекшеліктеріне 50% жеңілдікпен қызмет көрсетті. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, балаларға тегін балмұздақ таратылды.
Қапар Биекин,
Еңбек ардагері:

«Балаларды қорғау күні құтты болсын. Отбасымызбен келіп, балаларымыздың, немерелеріміздің концертін қызықтап жатырмыз. Балалардың бәрі осы жерде. Саябағымыз қандай керемет. Мұндай парк шамалы жерде жоқ деп айтуға болады. Әрқашан жас жеткіншектеріміз ойнап-күліп той-думан, қуанышта жүрсін».
Раушан Нұрланқызы,
Арқалық қалалық «Халықты әлеуметтік қорғау» басқармасының басшысы:

«Жақсылық» оңалту орталығы қоғамдық бірлестігі Арқалық қаласы бойынша ерекше балаларға сыйлық алынды. Балалар бақытты болып, аспанымыз ашық болсын. Жас ұрпақтың жүзінен күлкі кетпей ата – аналарының үміттерін ақтай берсін».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
