Ауылды дамыту – «Әділет» партиясы бағдарламасының басым бағыттарының бірі

Ауылды дамыту – «Әділет» партиясы бағдарламасының басым бағыттарының бірі

«Әділет» партиясынан мәслихат депутаттығына кандидаттар Қостанай облысының аудандарында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолы олар Қарасу және Әулиекөл аудандарындағы педагогтермен, студенттермен және білім беру ұйымдарының ұжымдарымен жүздесті.

Нұрбол Байзиров Қарасу ауылында екі кездесу өткізді. Алдымен ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушылары және студенттерімен тілдессе, кейін Ы. Алтынсарин атындағы мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін мектептің ұжымымен жүздесті.
Аманқарағай ауылында Аружан Сарсенбаева мен Гүлсара Жаманкулова Н.Островский атындағы жалпы білім беретін мектептің және №2 жалпы білім беретін мектептің педагогтерімен кездесті.
Әңгіме барысында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауыл тұрғындарының өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге назар аударылды.
«Ауыл жастары сапалы білім алып, сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, туған жерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алуы керек. Ол үшін ауыл шаруашылығын дамыту, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды», — деді Нұрбол Байзиров.
«Ауылдағы өмір сапасы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жағдайына ғана байланысты емес. Сапалы жол, тұрақты электр қуаты, газ және интернет те қажет. Мұның бәрі тұрғындарға да, ауылдағы кәсіпорындардың жұмысына да тікелей әсер етеді. Өңірлік бағдарламада осы инфрақұрылымды дамытуға арналған нақты шаралар қарастырылған», — деді Гүлсара Жаманкулова.
blank
«Ауыл балалары да қаладағы құрдастары сияқты сапалы білім алып, қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Ол үшін мектептердегі жағдайды жақсартып, педагогтерді қолдау және кәсіптік білім алуға жол ашу қажет. Бүгін жастарға қандай мүмкіндік жасасақ, ертең ауылдың болашағы да соған байланысты болады», — деп атап өтті Аружан Сарсенбаева.
Партия бағдарламасында ауыл шаруашылығын қолдауға да басымдық берілген. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамыту, сүт фермалары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар салу, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы жобаларды қаржыландыру көзделген. Сонымен қатар 2031 жылға дейін облыстың барлық елді мекенін кеңжолақты интернетпен қамту жоспарланып отыр.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Б.Б. Аққожина.
Материал Қостанай облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.