Үгіт-насихат науқаны аясында «Әділет» партиясының партиялық тізімі бойынша Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Татьяна Булгацевич Қостанай облыстық ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті.
Әңгіме барысында өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық нысандарды жаңарту және қала мен ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері қозғалды.

«Денсаулық сақтау саласының даму деңгейін адамдардың салауатты өмір сүрген жылдарымен бағалау керек. Медициналық көмек адамға дер кезінде және тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан жаңа нысандар салумен қатар, жұмыс істеп тұрған ауруханаларды жаңартып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Бағдарламада осы бағытта нақты міндеттер қарастырылған», — деді Татьяна Булгацевич.

«Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Бағдарлама бойынша 11 медициналық нысанды салу және қайта жаңарту жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Тобыл қаласындағы көпбейінді облыстық аурухана, Қостанай облыстық балалар ауруханасы, Жітіқара, Арқалық қалалары мен Ұзынкөл ауданындағы ауруханалар бар. Сонымен қатар бірқатар ауылда фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салу көзделген.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Б.Б. Аққожина.
Материал Қостанай облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
