Ол өнімдер 2015 жылдан бері Қостанайдың агроөнеркәсіп саласында жұмыс істеп келе жатқан «Оптисорт» серіктестігінде шығарылады. Компанияның қызметі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қажетті жабдықтарды жеткізумен ғана шектелмейді.
Мұнда астық кептіру жабдықтары, нориялар, транспортерлер мен астық бункерлері өз өндірісінде жасалады. Кәсіпорын Қазақстан нарығында Италияның AGREX, BARGAM және Ресейдің АТМ, «Агросервис» зауыттары шығаратын ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының эксклюзивті дистрибьюторы ретінде де танылған.

Сонымен бірге астық кептіру және тазалау жабдықтарын сату, оларға қызмет көрсету, мехтоктар мен астық тазалау кешендерін салу және қайта жаңғырту жұмыстарын атқарады. Фермерлерге қажетті техниканы таңдаудан бастап, оны жеткізу, орнату және іске қосуға дейінгі қызметтердің барлығын ұсынады.
Алайда компанияның даму жолы тек саудамен шектеліп қалмаған. Алғашында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне техника мен жабдық жеткізумен айналысқан кәсіпорын уақыт өте келе кейбір бөлшектерді өз күшімен шығаруға болатынын түсінген. Осылайша, жалға алынған өндірістік алаңдарда алғашқы отандық өнімдерін жасауға кіріскен.
Кәсіпорын басшысы Ерлан Тайжановтың айтуынша, өндірісті дамытудағы негізгі мақсат – сырттан сатып алынатын жабдықтарға тәуелділікті азайтып, қажетті бөлшектер мен құрылғыларды өз мүмкіндігімен шығару.

Бүгінде цехта металл бөлшектерін дайындаудың бірнеше кезеңі жолға қойылған.
Алдымен қажетті құрылымдық бөлшектер арнайы сызбалар бойынша лазерлік кесу станоктарында әзірленеді. Мұнда осындай екі станок жұмыс істейді.

Одан кейін дайын бөлшектердің бір бөлігі иінді қалыптау станогына жіберіліп, қажетті пішінге келтіріледі. Қалғандары құрастыру кезеңіне өтеді.

Кәсіпорынның негізгі өнімдері – астықты тік бағытта көтеруге арналған нориялар, транспортерлер мен конвейерлер, астық бункерлері. Сонымен қатар мұнда конвейерлік астық кептіргіштер өндірісі де жолға қойылған. Opti-Grain маркасымен шығарылатын бұл жабдықтар қазақстандық нарыққа ұсынылуда.

Өндірісті кеңейту қажеттілігі туындаған кезде кәсіпорын «Даму» қорымен бірлесіп жұмыс істеуге шешім қабылдаған. «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 445,4 млн теңге қаржыландыру мақұлданған. Оның 345,4 млн теңгесі инвестициялық мақсаттарға, ал 100 млн теңгесі айналым қаражатын толықтыруға бағытталған. Қаржыландыру кезінде Қордың кепілдік беру құралы да пайдаланылған.
Жаңа өндірістік аумаққа көшу де кәсіпорын үшін маңызды кезең болды. Бүгінде мұнда жылына 289 бірлік нория, транспортер және бункер, 25 бірлік Opti-Grain астық кептіргіші, сондай-ақ 30 бірлік механикаландырылған кешен шығаруға мүмкіндік бар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
