Айтыскер ақын Надежда Лушникова өмірден өтті

Айтыскер ақын Надежда Лушникова өмірден өтті

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді деп хабарлайды egemen.kz.

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақ арасында өсіп, қазақ тілінде білім алған.

1961 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені, 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін қазақ бөлімінде тәмамдаған.

Ақын өлеңді жазбаша да, суырып салып та шығарған. 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер атанды.

Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы «Айтыс» фильміне түсірілген. Сондай-ақ 1965 және 1978 жылдары Жамбыл аудандық, 1977 және 1979 жылдары Алматы облыстық айтыстарына қатысып, қарсыластарынан басым түскен.

1963–1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы және мектепте мұғалім болып еңбек етті. 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев мұражайын басқарды.