Аудан әкімі: “Он ауылда жарық жоқ, тоғыз ауылмен байланыс болмай тұр” 

Аудан әкімі: “Он ауылда жарық жоқ, тоғыз ауылмен байланыс болмай тұр” 

Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов Торғай өңірдегі қазіргі ахуал туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, жалпы, жағдай тұрақталып келеді. Су деңгейі әжептәуір төмендеген. Бірақ бірнеше ауылдағы ахуал әлі күнге күрделірек.

“Тәуіш ауылына Қоңыраулы мен Текеден келіп жатқан су Арқалық-Торғай тас жолының үстінен өтіп кетті. Екі учаскеде су бой бермей жатыр. Қазір жол мәселесі қиын болып тұр. Шилі ауылымен аралықтағы жолды да су бірнеше жерден жырып кеткен. Соны қалыпқа келтіруге кірісіп жатырмыз”, – деді аудан әкімі “Қазақстан” ұлттық арнасының тілшісіне берген сұхбатында.

Тәуіш тұсындағы жол үстімен су жүріп кеткелі екі күн. Екпінді тасқын Сарысу ауылымен ортадағы Қаратақыр жазығына жайылып барады. Бұл алап та суға толса, елді мекендерге қауіп төнуі ғажап емес. Мұның сыртында, қиындық тартып, түрлі мұқтаждық көріп отырған ауылдар аз емес.

“Қазір он ауылда жарық жоқ, тоғыз ауылмен қатынас болмай тұр. Оған техниканың мүмкіндігі келмейді. Құлаған бағандарды қайтадан орнына келтіру үшін, мамандардың қауіпсіздігі үшін судың тартылғанын күте тұруға тура келеді. Қызбел ауылында судың беті аздап қайта бастады. Бір-екі күнде ашылып, мал шығаруға мүмкіндік болады деп ойлаймыз. Тек бұл ауылдың жолы, жарығы жоқ. Ақкөл ауылындағы жол да біртіндеп жөнделіп жатыр. Бұл елді мекендегі азаматтар өз беттерінше қам-қарекет жасау үстінде. Ол жақта аса қауіп жоқ. Осы шаруаға жұмыла кірісіп, жанашырлықпен араласып жатқандарына алғыс білдіремін”, – деді Шота Сәбитбекұлы.

Жаңалықтармен бөлісу