Соғыс салған жара

Соғыс салған жара

Гүлжауһар Нұрмақованың  балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Челябі облысының тумасы Алланың рақымымен биыл 90 жасқа толғалы отыр. Бүгінде он баланың анасы, әулеттің үлкен әжесіне айналды.

Осы өмір жолында заманның жақсысы мен қиындығын да көргенін жиі еске алып, айтып отырады.

«Әке-шешеміз қуғын-сүргін кезінде елден шет шығып, Челябі облысынан шаршап- шалдығып еліне оралған жандардың бірі.  Соғысқа дейін әкесі Ғабдолла колхоз басқармасы болған, орысша-казақша оқып білім алған, мейірімді өз орнын білетін үлкен аға.  Сол жердегі тұрғындар жеңгелері «Біздің, Ғабдолла!» деп мақтан тұтатын. Кісілігі мол болған адам. Біздің әкеміздің отбасы –  Баймағамбетовтер үш ағайынды», – деп бастады әңгімесін.

Қарияның айтуынша, Ғабдолла, Бірмағамбет, Ғаббас екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан.  Ағасы Ленинград майданында пулеметші, взвод командирі болған. Соғыс кімді аяған, денесі сол жақта қалды. Апамыз кішкентай кезінен аға-жеңгенің қолында өсті.

«Аға-жеңгем шешемдей болып жамандықты көрмей өстім, үлкен үйде екеуміз қалдық. жоқшылық, ұрлық, жер аударған халық, ашаршылық өз алдына, қорыққан кездеріміз де өте көп. Жазда тіпті үйге кіруге қорқып, жеңгем екеуміз екі сиырдың ортасында түнеген күндеріміз болды. «Соғыс бітті!» деген күнді күтудеміз. Сол күн келгенде халықтың қуанышында шек болмады, бірін-бірі құшақтасқан жаңдар қай үйде қызыл мата болса, үйдің төбесіне өргені әлі есімде», – деп еске алады қария.

Бұл соғыстан келмеген әке, бауырлардан айырылған жесір әйел, бала-шаға қайғы-қасірет жамылды. Бір-біріне қол беріскен, қайғыларын бөліскен ауылдастар олардың мұңын бөлісті. Осы қамқорлықты сезінген ол әке-шешенің жоқтығын білдірмей, өз балаларындай өсірген аға-жеңгесіне дән риза. Бойжеткен қыз бір мұғалім боз баламен танысып, аға-жеңгенің алдынан өтіп, қазақтың әдет-ғұрпымен тұрмыс құрды. Сансызбай отағасымен барған жерінде сыйлы, көрегенді келін болды, ата-енесін қолынан аттандырды. Меңдіқараның Теңіз кеңшарында балаларын жеткізді. Бәрі орныққаннан кейін, 10 жыл шамасында балалары жеке үй әперіп, Қостанайға қоныс аударды. Қазірдің өзінде балаларға ақыл-кеңес беріп, немере-шөберелерін әрдайым  айналып-толғанып отырады.

Біз туғандар апамызға барып, денсаулығын, әңгімесін тыңдауға жиі барып тұрамыз.

 

Тәбия  Әбішева

Жаңалықтармен бөлісу