Қазақтың көрнекті ақыны Серікбай Оспанұлы сексен жаста! Сан қырлы дарын иесі, даңқты жерлесіміз, қастерлі қаламгердің мерейтойына орай рухани іс-шаралар жер-жерде өтіп жатыр. Ең бір тағылымды кездесуді Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырды. Ән мен жырға, әңгіме-сырға толы кеш қалың көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Серікбай Оспанұлы – әдебиет әлемінде өзіндік үні бар, өшпес қолтаңбасы қалған сыршыл ақын. Әлем халықтары жазушылары одағы және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты. Ыбырайтану ғылымына ұшан-теңіз еңбек сіңірген ғалым, ұлағатты ұстаз, он саусағынан бал тамған қолөнер шебері, сазгер… Тізбектей берсек, ағамыздың бір бойынан өнердің сан түрі табылады. Мінезі мөлдір, болмысы тұнық, жүрегі даладай, көңілі баладай тұлғаның қадір-құрметі қашанда биік. Оған кітапханада өткен «Туған жердің тұлғасы» атты кеште тағы да көзіміз жеткендей.
Мерейтой иесінің сан қырын жергілікті қаламдас, қанаттас іні-қарындастары айшықтап айтты. Сөз өнерін кие тұтқан ағайын шайырдың шынайы бағасын берді. Қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбекұлы ағасы туралы көсіле сөйлеп, адамгершілік, ақындық, журналистік, ғалымдық еңбегіне тоқталды. Қазақтың марғасқаларының Серікбай ағамыз туралы айтқан естеліктерін оқып берді.
«Серікбай ағамыз жас шағынан-ақ өзін ақын ретінде мойындатқан кісі. Ал кімдер мойындады дегенде аузымызға аты аңызға айналған кісілер түседі. Сырбай, Ғафу , Тұманбай, Кеңшілік, Жұмекен, Мұқағали сияқты қазақ сүйсініп оқитын жампоздар Секеңнің талантына тәнті болды. 40-қа жетер-жетпес шағында Секеңнің Алматыда кеші өтеді. Сол кеште жүрегі елжіреп тұрып лебіз айтқандардың бірі Тұманбай Молдағалиев еді. «Мен оған өзіме сенгендей сенемін, кейде өзімнен жасыратын сырды да осы бір ініме жайып салғым келіп тұрады. Өйткені ол сені де тыңдай алады, саған сеніп өзегінің өртін де, көңілінің дертін де сескенбей айтады, ағынан жарылады. Осыншама алып денелі адамның жанының нәзіктігіне таңғаламын», – депті марқұм. Енді, сексенге келіп отырған ағамыздың сексен түрлі қыры бар. Ерекше қасиеті көп. Соның бәрі жастарға өнеге», – деді Жанұзақ Аязбекұлы.
Серікбай ағамыздың есімі алыс-жақын шетелде де танымал. Өлең-жырлары орыс, тәжік, қырғыз, ТМД елдерінің барлығына жуық тіліне аударылған. Тұсында зор сұранысқа ие болған ақындардың бірі болды. Ал ендігі міндет – ардақты ақынды бүгінгі өскелең буынға оқыту, кеңінен насихаттау. Кітапхана директоры Сәния Безаубекова осылай дейді.
«Ақын ағаларымыздың алдындағы кітапхана ұжымының парызы осы. Оны міндетті түрде орындаймыз. Соның жарқын бір мысалы – өзіңізбен бірлесе отырып жазылған, қолымда тұрған мына библиографиялық көрсеткіш. Мұнда 1961 жылдан бастап жазылған сіздің еңбегіңіздің барлығы енгізілген. Құрметті оқырман, ағайй туралы танысам-білсем дегендеріңіз болса, бұл үлкен көмекші бола алады. Мұның электронды нұсқасы кітапхананың сайтында да орналасқан. Қыркүйекке дейін тағы толықтырылады», – дей келіп, баспа өнімін мерейтой иесіне табыстады.
Кеш барысында тосынсый аз болған жоқ. Жазушы, баспагер Әбутәліп Әмір де жүрекжарды жылы лебізін айта келіп, кітап етіп шығарған ақынның өлеңдеріне жазылған әндер жинағын тарту етті.
«Ағамыздың мерейтойы сәуір айы басталғалы жалғасып келеді. Барлық іс-шараға қалмай қатысып келемін. Бастапқы бір кештердің бірінде: «Аға, алдағы уақытта баспаханамнан бір кітабыңызды шығарып беремін», – деп уәде берген едім. Соны қазір өзіңізге табыс етуге рұқсат етіңіз. Мұнда сіздің өлеңдеріңізге жазылған әндер жинақталды. Оған «Домбыра» деген атау бердік. Алдағы уақытта ең сүбелі жыр-өлеңдеріңізді жеке жинақ етіп басу ойымда бар. Жалпы, жазатын адамға жалғыз-ақ нәрсе керек. Ол – жазылған нәрсенің оқылуы. Ал сіздің шығармаларыңыздың қай кезде де оқылатынына еш шүбәміз жоқ», – деді Әбутәліп Әмір.
Осы кезге дейін ақынның 200-ден астам өлеңіне ән жазылған екен. Айталық, «Сағындым Алматымды», «Шилі өзен», «Айлы түнде», «Асыл жазым» секілді көптеген ән қалың қазаққа жақсы таныс. Бұдан бөлек, ақынның өзінің отызға жуық авторлық әні бар. Кеш барысында Манапбек Кәдіров, Қанат Ражанов сынды белгілі әншілер ағамыздың сазы мен сөзі үйлескен «Тобыл ағады», Қалибек Деріпсалдин әнін шығарған «Аққу ұшып барады» және басқа туындыларын орындады. Сондай-ақ ақын жанына ең жақын өлеңі – «Бес саусақтың» шығу тарихын оқырмандарына баяндап берді. Торғайлық композитор Алтынбай Сейітқасымов әнін жазған бұл шығарманы дарынды әнші, ағамыздың ауылдасы Оразбек Ғалымов нақышына келтіріп шырқады.
Кітапхана жанындағы «Ақ қауырсын» әдеби үйірмесінің шәкірттері Серікбай ағамыздың әсерлі өлеңдерінмәнерлеп оқып беріп, көрерменнің көңілін толқытты. Қаламгердің ізін басқан ақын бауырлары Нұрқанат Құлабаев пен Абылай Мауданов та рухани ұстаздарына ақ тілегін айтып, тамаша арнауларын оқыды. Кездесудің басқа да қонақтары сөз алып, аяулы ақынға ақжарма тілек-лебіздерін жаудырды.
Кеш исі қазақтың құлағына сіңген, Алматының, жастық шақтың гимніне айналған, Серікбай ағамыз сөзін жазған «Сағындым Алматымды» әнімен түйінделді. Мерейтой иесі жиылған қауымға алғысын айтып, бұл жолғы көздесудің ерекше әсерлі болып, көңіліне жаққанын айтып, ағынан жарылды. Көрермендер ардақты қаламгерді ортаға алып естелік суреттерге түсті.
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК