Арқалықтықтар әлем чемпионатының жүлдегерін қошеметпен қарсы алды

Арқалықтықтар әлем чемпионатының жүлдегерін қошеметпен қарсы алды

Халықаралық аренада жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медалды қанжығасына байлаған Арқалық қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі №41 мекемесінің қызметкері Гүлмайра Сағиданованы әріптестері, ұстаздары, достары теміржол вокзалы басынан ел рәміздерімен, гүл шоқтарымен құшақ жая қарсы алды.

Еске сала кетсек мұнан бұрын хабарлағанымыздай ол жақында ғана самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.

blank

Ташкент қаласында өткен самбодан 50-ші әлем чемпионатында әлемнің 101 елінен келген үздік спортшылар бақ сынады. Байрақты бәсекеде 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшымыз жоғары дайындық деңгейін көрсетіп,  қола медалға қол жеткізді.

Гүлмайра спортпен 18 жасынан бастап шұғылдана бастаған. Жігерлі жас өзінің алға қойған мақсатына деген тыңғылықты әзірлігінің арқасында жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастады. Жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының Чемпионы атанды.

blank

«Көптеген мықты қарсыластармен кездестім. Грузия, индия, ресей елінің спортшыларымен бақ сынастым. Жаттықтырушыларыма үлкен алғысымды білдіремін. Жеткен жетістігім болса сол кісілердің арқасы деп білемін. Болашақта да бапкерлерімнің сенімдерін ақтай беремін деп ойлаймын», – дейді жүлдегер спортшы.

Бапкерлері де шәкірттерінің бұл жетістігін тарихи сәт деп қабылдайды.

«Шәкіртіміз, қарындасымыз Арқалықтан алғаш шыққан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұл үлкен жетістік. Осыған дейін де әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлдеге ілікпей жүрсе енді міне өзінің ынта-жігері, жеңіске деген құлшынысының нәтижесінде айды аспанға шығарып отыр. Мәдениет сарайында кең, жарық спорт залымыз бар. Сол жерде жаттығуларымызды жасаймыз. Жастарға осындай жағдай жасаған қаламыздың әкімі Әмірхан Біркенұлына алғысымызды айтамыз», – дейді бапкері жауынгерлік самбодан және аралас жекпе жектен «Намыс» клубының жаттықтырушы Ербол Мұқанов.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                             Арқалық қаласы