Бүгін елордада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х мерейтойлық құрылтайы өтті. Рухани маңызы зор мәжіліске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты.
Ана тіліміздің өзекті мәселелері арқау болған алғашқы құрылтай осыдан 37 жыл бұрын өтіпті. Одан бері мемлекеттік тілді дамыту, мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту жолында қыруар жұмыс атқарылып, деңгей-дәрежесі биіктеп, айбыны асқақтады. Цифрландыру дәуірінде қазақ тілінің қадамын қарыштатуға кең мүмкіндіктер ашылып жатыр. Атқарылған жұмыс көп, алға қойылған мақсат-міндет те жетерлік. Бұл басқосу ұйымның жемісті жұмысын сараптап, болашақ бағыт-бағдарын айқындауға арналды.
Әуелгі сөзді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы алып, жүзеге асқан бастамалар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, қазақ тілінің дәрежесін көтеру үшін сапасы жоғары цифрланған ауқымды ашық деректер қоры, ол деректі өңдеу құралдарымен бағалау өлшемдері қажет. Осы жұмыстар орындалған жағдайда тілімізді жасанды интеллект заманына бейімдеп, келесі технологиялық кезеңге дайындай алмақпыз. Ол сондай-ақ өскелең буынға қазақ тілін насихат ету бағытындағы ірі жобаларды сөз етті.
«Балалардың тілін қазақша шығару және ана тілімізді өскелең ұрпаққа тартымды ету мақсатында дүниежүзіне танымал Disney, Pixar, Sony және Marvel секілді әлемдік студиялардың балаларға арналған фильмдері кәсіби деңгейде қазақ тіліне дубляж жасалып, премьералары дүние жүзіндегі ең ірі қырық шақты тілімен қатар бір уақытта көрсетіліп келеді. Кейінгі екі жылда ірі көлемді он премьера өтті. Бұл фильмдерді үлкен экраннан тамашалауға 1 млн-нан аса көрермен келді. Қазақша сеанстардан түсетін касса табысы үш есе көбейді. Аталған нәтижелер осы жұмысты жалғастыруға берік негіз қалайды. Өтінішімізді қабыл алып, осы жұмысты іске асырып келе жатқан Askar Cinema және Disney студияларына ризашылық білдіреміз», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Ол Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында әріптестерімен бірге «Кітаp.kz» цифрлы кітапхана жобасын дамытып жатқанын айтты. Қазір мұнда 4 мыңнан аса электронды кітап, 1 мыңнан аса аудио кітап қоры жинақталған. Бұдан бөлек, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, тіл мен әдебиет пәні мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету және қазақ тілі пәніне қызығатын оқушы балаларды ынталандыру – ұйым жұмысының маңызды бағыты. Рауан Кенжеханұлы осы бағдардағы жұмыстар нәтижесін де жіпке тізді. Ал белгілі қаламгер, руханият жанашыры Сауытбек Абдрахманов бұл мерейтойлық құрылтайды ел тарихындағы елеулі күнге балады.
«Осыдан дәл 37 жыл бұрын, 1989 жылдың қазанында өткен тұңғыш құрылтайдың тікелей басы-қасында жүрген адамның бірі ретінде, бұл кезеңнің біздің қоғам үшін қандайлық ірі істерге толы болғанын разылықпен айта аламын. Тәуелсіздік таңының атуына септескен жасампаз жұмыстың бірі де бірегейі, қыспақты заманда, боданды қоғамда құрылған, ұлт рухын ұран етіп ұстаған –«Қазақ тілі» қоғамы деудің ешқандай артығы жоқ. Тәуелсіздік қазақ тілін қайтадан түлетті, бағын ашты. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, қазақ тілінде оқытудың күрделі мәселелерінің шешілуі, қазақша сөйлейтін адамдар санының анағұрлым артуы, тілдің мемлекеттік басқаруда қолдану аясының кеңеюі, БАҚ пен цифрлық кеңістікте алар орнының қомақтылануы, қазақ тілінің қоғамдағы беделінің өсуі, Қазақстан халқының этностық сан түрлілігін жан-жақты ескеретін тіл саясаты моделінің қалыптасуы сияқты талассыз әрі тамаша табыстарымыз біздің мерейлі құрылтайға жарқын жол жүріп жеткенімізді дәлелдейді. Біз өз тілімізбен өмір сүретін ұлтқа айналдық», – деді Сауытбек Абдрахманов.

Ал жиынның түйінді сөзін сөйлеген Перзидент мемлекеттің мәртебесі көтерілген сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейетінін, қазақ елі барда қаза тілі тұғырдан түспейтінін айтты.
«Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек. Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат. Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Ол осындай жұмысты күшейте беру керек екенін алға тартты.
«Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз. Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр. Елімізде сан алуан цифрлық платформа табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады. Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды. Мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, архив және музей қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ ол қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
«Тілдегі бірізділік – өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн. Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді. Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет», – деді ол.
Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының қызметін халықтық мүддені көздеген іс деп бағалады. Оны осы жұмыстың алғы шебінде тұрған іргелі ұйымға балап, ел болып қолдауға шақырды.
