Қазақстанның өз алдына тәуелсіз ел болғанын естігенде қатты қуанып, өз еліне, аңсаған атажұртына еш ойланбастан алғашқылардың бірі болып жол тартқандардың бірі Рақымқазы Әбсеметұлы.
Өзінің айтуынша, ол шақта елудегі ел ағасы әупірімдеп жүріп, үш жыл бойы құжатын әзірлеп, 2003 жылы 1 тамызда шекарадан өтті.
Алдын ала келіп, қоныс таңдаған да емес. Бірден дәм бұйырып, Алматы жағындағы Нұрлы деген жерге табан тіреді. Негізгі кәсібі болмағасын мал бағып, Қаратүлік деген жерде түтін түтетті.
Одан кейін сол жақтағы Таусүгіл деген жерге екі баласы көшіп келіп, солай қарай ойысты. Ең қиыны, сол жерде азамат болып қалған баласын ат сүйреп кетіп, қапияда көз жазып қалды. Өзіне қолқанат болып, малға қарап жүрген баласы болатын.
Алып тұлғалы атамыз атадан алты ағайынды. Жер басып жүргені өзі ғана. Құдайға шүкір бауырларының ұрпақтары өсіп-өнген.
«Айтайын өсиет қып сөзімді ұқсаң,
Мейлің би, мейлің қожа, мейлің сұлтан.
«Өз үйім, өлең төсегім» деген бар ғой
Мың артық өз еліңде болсаң ұлтан».
Бұл өлең Рақымқазы ақсақалдың «Кер заман» атты толғауының шумағы.

«Өз еліңде кешкен тірлікке ештеңе жетпейді», – дейді қария.
Жастық шақта жарапазан айтты. Жанынан шығарып «аужар» айтатын. Ол кезде өмір мұндай дамымаған. Жазып ала қоятын ештеңе жоқ, айтқаны айтқан жерде қалды.
Қария елуге тарта кұй біледі. Тәттімбеттің, Сүгірдің күйлерін тартады. Өзі де 5-6 күйдің авторы. «Солақай дәуір», «Бұрылыс кезең» — бұл ақсақалдың өзінің төл күйлері. Сол күйлерінің ішінен бұрын еш жерде жарияланбаған «Бұрылыс кезең» күйін бізге ықыласы түсіп, орындап та берді.
Ақсақалдың күнделікті дағдысы бірауық орталықтағы «Ардагерлер саябағына» барып, замандастарымен шүйіркелесіп, дойбы ойнайды. Жазда домбырасын жанынан тастамайды. Шағын қаланың көркейіп жатқанына балаша қуанады. Қашан көрсеңіз де елінің амандығын, жұртының тыныштығын тілеп отырады.
Қария жайлы толығырақ білгілеріңіз келсе газетіміздің алдағы санындарының бірінен оқи аласыздар.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
