Қостанай қаласында Kia Корпорациясы мен оның қазақстандық серіктесінің бірегей өндірістік зауыты – «Kia Qazaqstan» зауыты ресми түрде ашылды. Бұл оқиға еліміздің, әсіресе облыстың индустриялық дамуындағы және машина жасау саласындағы тарихи белес болып отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысып, маңызды нысанды іске қосты. Іс-шараға сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Kia Corporation президенті әрі бас директоры Хо-сунг Сонг қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларды зауыттың ашылуымен құттықтап, бұл еліміздегі машина жасау саласын дамыту бағытындағы өте маңызды қадам екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды. Бүгін Kia Motors корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылды. Президент қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанын айтып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс атқарылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті.
«Жалпы, бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. KIA – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан», – деді Президент.
Президент жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар әзірлеу туралы тапсырма беріліп, осыған байланысты бірқатар маңызды шешім қабылданғанын айтты.
«Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін жеткізді. Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылғанын атап өтті. Бұл қаржы алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп.осы үрдіс биыл да жалғасуда.
«Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді. Оның жартысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалыптасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданды. Кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік өндіре алады. Инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге. Кәсіпорында 1500 жұмыс орны ашылған. Ал оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады.
«Бүгін Қостанай облысы үшін ерекше күн. Біз 2023 жылдың қараша айында бастамасы берілген «Kia» автомобильдерін өндіру зауытын іске қосып отырмыз. Бұл – әлемдік тарихта алғаш рет «Kia» автоконцернінің Корея Республикасынан тыс жерде орналасқан бірлескен кәсіпорынға және зауыт құрылысына тікелей инвестиция салуы. Мұндай ауқымды жобаны қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру Мемлекет басшысының жеке қолдауының және Үкіметтің тікелей қатысуының арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өту керек. Біздің өңір және бүкіл ел үшін бұл – экономикалық, әлеуметтік және имидждік маңызы зор ең ірі инвестициялық оқиға. Kia сияқты жаһандық автомобиль концернінің біздің нарықта жұмыс істеуі – халықаралық бизнестің өңірдің инвестициялық ахуалына деген сенімінің белгісі», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Зауытты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның толық кешенімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 4,2 км автомобиль жолдары, 5,25 км теміржол кірме жолдары және 44,5 км инженерлік желілер тартылды. Соңғы жылдары машина жасау облыс экономикасының драйверіне айналды. Бұл тұрғыда «Kia» зауытының іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік позициясын одан әрі күшейте түседі.
«Биылғы жылдың шілде айынан бастап зауытта автомобильдердің пилоттық құрастырылуы басталды, ал бүгін біз сериялық өндіріске көшіп отырмыз. Жыл соңына дейін кемінде 3 мың автомобиль, ал келесі жылы 30 мыңға жуық бірлік шығарылады, оның 20 мыңы ұсақ тораптық әдіспен (CKD) өндіріледі. Бұл зауыт – ең заманауи автомобиль жасау технологияларын, атап айтқанда, максималды автоматтандыру мен өндірістік процестерді цифрлық басқаруды қолданатын әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық өндіріс», – деді облыс әкімі.
Қостанайдағы «Kia» зауыты «ақылды өндіріс» қағидаты бойынша салынған және ең жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. «Kia» зауыты іске қосылғаннан кейін, болашақта автомобиль жасау конвейерлерін қажетті бөлшектермен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болады. Өйткені, өндірушілер алдында шығарылатын автомобильдегі локализация үлесін арттыру және импорттан кезең-кезеңімен бас тарту міндеті тұр. Осы мақсатта 30 мың шаршы метр аумақты құрайтын автобөлшектер өндіруге арналған Локализация орталығының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 17,8 млрд теңге, қуаты – жылына 60 мың жиынтықтаушы бұйым. Орталықта орындықтар, шығару газын бұру жүйесі (глушительдер), шанақтың пластикалық элементтері, электр сымдары сияқты тасымалдауға көп шығын әкелетін бөлшектерді локализациялау жоспарлануда. Сондай-ақ, Seoyon E-HWA (Сойон И Хва) және Bokwang (Богван) сияқты Оңтүстік Кореяның жетекші компанияларын Локализация орталығының резиденті ретінде тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Жалпы, «Kia» зауыты – бүкіл ел үшін стратегиялық жоба. Ол өнеркәсіптік инфрақұрылымды нығайтады, жұмыс орындарын құрады, технологиялар мен инвестицияларды тартады. Зауыттың қызметі өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға қуатты серпін береді деп күтілуде (өсім шамамен 46,5% болады). Осы жобаны жүзеге асыруға қатысқан «Kia» компаниясына және барлық тұлғаларға өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғысымды білдіремін. Бұл зауыт білімге, технологияға және өзара тиімді әріптестікке негізделген индустриялық болашақты қалай құруға болатынының жарқын үлгісі болады деп сенемін», – деді Құмар Ақсақалов.
Кадрларды жүйелі даярлау – басты фактор. Он колледж машина жасау саласы үшін жеті мамандық бойынша кадр даярлайды. «Kia Qazagstan» ЖШС-мен келісімшарттарға сәйкес, үш колледжде 50 студент оқып жатыр, 40 түлек қазірдің өзінде зауытқа жұмысқа орналасқан. 2025 жылы 14 қызметкер Оңтүстік Кореяда роботтандырылған қондырғыларды пайдалану бойынша оқытудан өтті. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай университетімен бірлесіп, «Автомобиль өнеркәсібінің инжинирингі» мамандығы бойынша екі диплом (қазақстандық және кореялық) беретін бірлескен білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Бұл шаралар біздің өнеркәсібімізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін қуатты кадрлық іргетасты қалыптастырады.
«Бүгін біз Қостанайда 1500 қызметкер жұмыс істейтін зауытымызды ашып отырмыз. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі 310 миллион АҚШ долларын құрады. Локализацияны дамыту мақсатында, біз Кореядан автокомпоненттер өндірушілерін Қостанайда өз өндірістерін құруға шақырдық. Сондай-ақ, біз Glovis логистикалық компаниясын шақырдық. Бұл компаниялар қосымша 2000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашады, бұл Қостанай облысының және жалпы Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. Kia әлем бойынша көптеген автомобиль зауыттарын салғанымен, бұған дейін Орталық Азияда, тіпті Азия аймағында да зауытымыз болған жоқ. Енді біз мұнда жергілікті нарықты қанағаттандыруға бағытталған, сонымен қатар ТМД елдеріне және алыс шетелдерге экспорттауға мүмкіндік беретін зауытты ашып отырмыз. Біз өз тарихымызды осы жерде жаңадан бастап, 1500-ден астам адамнан тұратын, жаңа технологиялармен, құзыреттермен, мүмкіндіктермен және тәжірибемен қамтамасыз етілген команда құрудамыз. Бізде қызметкерлерді Кореядағы Kia зауыттарында тағылымдамадан өткізу арқылы кадрларды дамыту жүйесі бар. Онда олар тікелей Kia мамандарынан тәжірибе алып, жоғары технологиялық процестерді үйрене алады. Өз кезегінде, Kia бас кеңсесі тәжірибе алмасу және кәсіби оқыту жүргізу үшін Қостанайдағы зауытқа көптеген инженерлерді жіберіп отыр. Біз зауытымызды ашып жатырмыз, ал Қостанай облысының Әкімдігі Индустриялық аймақта автокомпоненттер өндіруге арналған Локализация орталығын ашуға дайындалуда. Біз, Kia Корпорациясы, көптеген кореялық автокомпоненттер өндірушілерін осы жерде өз өндірістерін ашып, кейіннен «Kia Qazaqstan» зауытына компоненттер жеткізуге шақырамыз. Біздің жоспарымызда Қазақстан заңнамасына сәйкес қажетті деңгейге жету және республикада автокомпоненттер өндірісін дамыту мақсатында локализацияны дамыту бағытындағы барлық автоөндірушілермен жұмысты үйлестіру бар. Біз өндірісімізді Sorento моделінен бастаймыз, ал келесі жылдың қаңтарында бізде жаңа Sportage моделі болады. Біз 2026 жылы тағы бір жаңа автомобиль моделін шығаруды жоспарлап отырмыз, бірақ ішкі құпиялылық талаптарын сақтау мақсатында қазір нақты қайсысы екенін айта алмаймыз, алайда оны жақын арада таныстырамыз деп үміттенеміз. Осы жобаның іске асуына атсалысқан барлық тараптарға алғысымызды білдіреміз», – деді «KІА Qazaqstan» компаниясының бас директоры Ким Де Ки.
Инвестиция көлемі 131,5 миллиард теңге. Арнайы бөлінген 70 гектар аумақта орналасқан «Kia Qazaqstan» зауыты Қазақстандағы ең автоматтандырылған автомобиль кәсіпорны болып танылды.

Зауыттың дәнекерлеу цехының жұмыс барысымен аға дәнекерлеуші Еркебұлан Алданыш таныстырып өтті. Цехтың жалпы ауданы – 14 мың шаршы метр. Бір ауысымда 125 адам жұмыс істейді.
«Екі ауысымдық жұмыс режиміндегі жалпы өндірістік қуаты – жылына 50 мыңға жуық шанақ құрастырады. Бұл сағаттық жүктемеге шаққанда шамамен сағатына 16 шанақ деген сөз. Бізде автоматтандырылған желілер бар және цехтың 58%-і автоматтандырылған. Желілерде 41 дәнекерлеу роботы орнатылған. Негізгі желілер 96%ке дейін автоматтандырылған. Роботтар шанақтың тікелей қаңқасы мен негізіне жауап беретін негізгі және басты желілерді дәнекерлейді. Ал қолмен жұмыс істейтін желілерде біз орталық бөлігі, артқы бөлігі, сол жақ және оң жақ доңғалақ аркасы сияқты қосалқы тораптарды дәнекерлейміз. Осы кезеңдерден кейін бүйір қабырғалары жинақталып, негізі дәнекерленеді де, қаңқа толығымен қалыптастырылады. Содан соң шанақ есіктер, капот, қанаттар, жүк салғыш сияқты аспалы бөлшектермен толық жинақталады. Одан кейін ол бояу цехына берілу үшін тексеру, түзету, тазалау және дайындаудың барлық кезеңдерінен өтеді», – дейді аға дәнекерлеуші Еркебұлан Алданыш.



Зауыт 70-ке жуық заманауи роботтармен жабдықталған, бұл кореялық стандарттарға сәйкес өнім сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етті. Дәнекерлеу мен бояудан бастап, құрастыру және сынақтан өткізуге дейінгі толық циклді өндіріс аймақтағы инновацияның, тұрақты дамудың және қауіпсіздіктің жаңа стандартын орнатты.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
