Арқалық қаласына арнайы жұмыс сапарымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Ұзынжас келіп, сапар барысында қала әкімі Әмірхан Асановпен бірге құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандармен танысты. Қалалық «Қоғамдық кеңестің» кеңейтілген отырысына қатысты.
Қоғамдық кеңес отырысын кеңес төрағасы Сандуғаш Алматова жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде «Арқалық қаласының сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және проблемалық обьектілері» туралы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рүстем Токбергенов, «Арқалық қаласының 2021-2024 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары, 2025 жылға жоспары» туралы қала әкімі Әмірхан Асанов, «Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимылдың қорытындылары» туралы Арқалық аумағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Ғалым Алматовтың баяндамалары тыңдалды.
Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда басым бағыттарды белгілеп, жергілікті билік органдарымен және қоғаммен бірлесіп тиісті жұмыстарды ұйымдастыруда.
– Арқалық өңірінің қоғам белсенділері және азаматтарымен әлеуметтік желілер мен басқа да ақпарат көздеріндегі көтеріліп жатқан мәселелер біздің назарымызда. Біз өз тарапымыздан құзырлы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, осы мәселелерді шешуге атсалысамыз, –деп атап өтті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл» агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рүстем Токбергенов.
Оның айтуынша, қала тұрғындары «Демалыс» саябағына битум қолданбай асфальт төсеу жұмысының сапасына шағымданған. Анықталғандай «Арка К» мердігері бұл учаскені өз қаражатына жасаған. «Новый» кентінде де жолға асфальт салу кезінде кемшіліктер байқалған. Нысан бойынша әкімдік жұмыстарды қабылдамаған. Орталық «Наурыз» алаңындағы жағдай да осы құралыптас. Қазіргі таңда мердігер кемшіліктерді қалпына келтіруде.
Қала әкімі Әмірхан Асанов қолға алынып жатқан істердің түйінін тарқата келе, жұмыстың сапалы орындалуын жергілікті атқарушы органдармен қатар депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерінің де үнемі қадағалап отыратынын жеткізді.
Арқалық аумағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Ғалым Алматовтың мәлімдеуінше:
Мемлекеттік сатып алу құжаттамаларында көрсетілген қызмет тауар құнын төмендету бойынша ақпараттық хаттар жолдау нәтижесінде бюджет қаражатының 280 миллион теңгесін үнемдеуге ықпал еткен. Оның ішінде: 95 миллион теңге үнемделіп, 185 миллион теңге толығымен жоспардан алынып тасталған.
Мысалы, Жанкелдин ауданының білім бөлімінен 14 миллион теңгеге стеллаждарды сатып алу жоспарланған. Ақпарат хат жолданған соң тауар құны 1 миллион теңгеге өзертілген. Нәтижесінде 13 миллион теңге үнемделіпті. Мұндай мысалдар көп.
–Бюджет қаражатының шашылмауы — басты назарда болуы тиіс. Жан-жақты бақылау болса, барлық жұмыстар оңтайлы іске асып, халықтың игілігіне жаратылатын болады. Сондықтан, қаржыны үнемдеп, оның талан — таражға түспеуі қатаң қадағалануы қажет, – деді Бауыржан Дәулетиярұлы.
Атқарылып жатқан істердің аса ауқымды екенін Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин де тілге тиек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы