Арқалықтағы «Қайрат» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер және әйелдер арасында облыс чемпионаты өтіп жатыр.
Спорттық іс – шараның салтанатты ашылуында спортшылар сап түзеп, еліміздің Әнұраны шырқалды.


Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәтті қадам тіледі.
Бұл сайыста Қостанай облысының 4 қаласы мен 8 ауданынан келген 100 спортшы 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.

«Қазақ күресі жыл өткен сайын облысымызда жақсы дамып келеді. Бұл жарыс биылғы қараша айында Ақтөбе қаласында өтетін республикалық чемпионаттың іріктеу кезеңі болып саналады. Сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізіп жатқан Арқалық қаласының әкімдігіне және қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» ұжымына алғысымды білдіремін», – дейді «Тобыл – Торғай тарландары» қазақ күресі федерациясының директоры Бақытжан Әскербекұлы.
Мерейлі шақта екі жыл қатарынан «Тобыл – Торғай тарландары» клубында аянбай өнер көрсеткен Медет Қамиевке құрмет көрсетіліп, ұлттық дәстүрімізне сай иығына шапан жабылды.

Ол осы спорт клубында «Спорт шебері» дәрежесіне жетіп, бүгінгі таңда бапкерлікке өтіп отыр.
Жарыстың бас төрешісі — Мереке Рыздықов өту тәртібімен таныстырды. Спортшыларға арналып ән – күйден шашу шашылды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
Суреттерді түсірген – автор
