Арқалықтықтар ырыс пен берекенің бастауы, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын «Әз-Наурызым, армысың!» атты театрландырылған музыкалық койылыммен қарсы алды.
Орталық «Наурыз» алаңына мерекелік іс — шараға жиылған халықты қала әкімі Әмірхан Асанов салтанатты түрде құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі саналған. Ұлы даланың биік рухымен үндескен Наурыз мерекесі – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі, биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі. Бұл күні жұртымыз «Наурыз келді, Самарқанның көк тасы еріді» деп қуанып, арадағы өкпе–реніштер сейіліп, татулық пен ырыс-береке салтанат құрған. Диқандар жерін жыртып, дән ексе, ел іші ауласын тазартып, ауылын абаттандырып жаңа бұлақ көздерін ашып, ағаш еккен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы үш жыл көлемінде «Наурызнама» тұжырымдамасы бекітіліп, халқымыздыңболмысымен бітеқайнасқан Наурыз мерекесінің маңыздылығы тіптен арта түсті», – деді өзінің құттықтау сөзінде қала әкімі Әмірхан Асанов.
Алаңға жиылған ел көтеріңкі көңіл — күймен, бір — бірін құттықтап, жақсы тілектерін жеткізіп, мерекенің мерейін арттырды. Қала тұрғындары мен қонақтары мерекенің басты символы «Наурыз көжеден» дәм татты. Бұл күні ұлттық ойындарымыз да ұлықталып, өскелең ұрпаққа өнеге болар істер көптеп ұйымдастырылды. Сауда – саттық жәрмеңкесі де қоса өрбіді. Киіз үйлерде түрлі көрмелер ұйымдастырылды.



Гүлзат Арманқызы,
№2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың «Оқу бөлімінің» кітапханашысы:

«Халқымыздың біртуар тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына және кітапханамыздың 55 жылдығына көрме әзірледік. Көрмеде Өзбекәлі атамыздың төл туындылары, сондай – ақ замандастарының естеліктері топтастырылған. Арқалық қаласындағы ол кісінің тікелей қамқорлығымен ашылған мәдениет және білім ошақтарының фото – суреттері қойылып отыр. Сонымен қатар, кезіндегі Торғай облыстық «Торғай таңы» мен «Тургайская новь» газеттерінің алғашқы шығарылымдары қойылған».
Сымбат Сабыржанқызы,
«Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» абономенттік бөлімінің кітапханашысы:

«Ұлыстың ұлы күніне «Арқа төсінде гүлденген Арқалық» тақырыбында көрме әкеліп отырмыз. Көрмеміз: «Тарихы терең – Арқалық», «Өркендеген өңір», «Болашағы жарқын Арқалық», «Рухани байлық ордасы» атты 4 бөлімнен тұрады. Халық келіп, көрмемізді тамашалап, қала тарихы мен қазіргі даму деңгейімен танысып жатыр».
Базархан Айтжанов,
қала тұрғыны, зейнеткер:

«Ел мен елді табыстырып, мейірімділікке, ізгілікке қадам бастырып жатқан Наурыз мейрамымыз құтты болсын. Халқымыз аман, несібесі мол болсын. Әр шаңырақтың берекесі артып, ел үшін атқарып жатқан еңбектерінің жемісін көрсін. Арқалығымыз көркейе берсін».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
