Жаңа спорттық нысандардың салтанатты ашылуына қалаға арнайы жұмыс сапарымен келген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі тікелей қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Мемлекеттік «Салауатты өмір салты» бағдарламасын іске асыру мақсатында қала орталығында ұзақ жылдардан бері бос тұрған бес қабатты ғимарат дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының жатын корпусы ретінде қайта құрылып, жанынан спорттың бокс, дзюдо, еркін күрес, ауыр атлетика түрлеріне арналған мамандандырылған тыңнан жаңа спорт зал салынды.

Бұл жоба Қостанай облысында алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Мектеп-интернат жатақханасына қайта жаңғыртылып жатқан ғимараттың құрылысына қайтарымды қаражаттан 734 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмысты Арқалық қаласындағы «Дюссемстрой» ЖШС жүргізді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысанды қабылдап, тиісті органдарға рәсімдеуге құжаттама дайындалуда.

«Биылғы Арқалыққа жұмсалған бюджет қаражаты 37 миллиярд теңгеге жетіп отыр. Ол 2023 жылмен салыстырғанда 1,7%-ке көп. Бұл едәуір қаражат», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің құттықтау сөзінде.
Ол сондай — ақ қаланың су, жылу, кәріз құбырларын жөндеудің кезең-кезеңімен қолға алынып жатқанын, соның арқасында құбырлардың тозу көрсеткіші әжептәуір төмендегенін тілге тиек етті. Облыс басшысы атап өткендей биыл Арқалық қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен қамтылды.

«Дене шынықтыру және спортқа» арналған мамандандырылған ғимараттың (күрес залы) құрылысына қайтарымды қаражаттан 444 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмысты Алматы қаласындағы «Гранд Лидер Строй» ЖШС жүргіздІ. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жаңа нысан елдің игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Орайы келгенде ел ақсақалдары, спортшылар, зиялы қауым өкілдері Президент тапсырмасына сай өңірге көп көңіл бөліп келе жатқан облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
