Қостанайда өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ауа райының салқындығы кедергі бола алмады. Таңертеңнен бастап қала бойынша жапырақ, сынған бұтақ пен тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстары басталып кетті.

Іс-шараға облыстық және қалалық әкімдік қызметкерлері, депутаттар, еріктілер, студенттер мен тұрғындар қатысты.

Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, қыркүйектегі қарлы бораннан кейін сынған ағаштарды тазалау әлі де жалғасуда.

«Аулалар мен шағын аудандарда тазалық жұмыстарын жүргізу үшін ПКСК, ОСИ және тұрғындарға өтініш жасадық. Студенттерге техника мен құрал беріліп отыр. Сонымен қатар, бүгін қоқыс шығаратын мекемелер қалдықтарды тегін қабылдап жатыр», – деді әкім.
Әкімнің өзі де мемлекеттік қызметкерлермен бірге таңғы уақытта триатлон-паркке барып, ағаш отырғызды.
«Бұл іс-шара еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Погода салқын болса да, жоспарланған жұмысты тоқтатпаймыз. Триатлон-парк жылдан-жылға көркейіп келеді. Биыл аллея бойына ағаш отырғызуды бастадық, келесі жылы жалғастырамыз. Екі-үш жылда бұл жер толыққанды саябаққа айналады деп сенемін», – деді Жүндібаев.
Осы күні триатлон-паркте 42 төрт метрлік сосна мен 75 рябина егілді.

Көшеттер Фролов көшесі жағындағы кіреберістен басталатын аллея бойына отырғызылды. Қалалық мәслихат депутаттары да суару мен көму жұмыстарына қатысты.
Студенттер де бұл бастамадан шет қалмады. Қостанай өңірлік университетінің 2-курс студенті Жанел Аблайқызы өзі үшін маңызды тәжірибе болғанын айтты:
«Табиғатты қорғау – тек үлкендердің шаруасы емес. Өз қолымызбен еккен ағаш ертең жайқалып өсіп кетсе, соған үлес қосқанымызға қуаныштымыз», – дейді ол.
Акцияға жасы үлкендер де атсалысты. Қала тұрғыны Күләндә апай табиғатқа жанашырлықты ұрпақ тәрбиесінің бір бөлігі деп есептейді:
«Жастарға сөзбен емес, іспен үлгі болуымыз керек. Ағаш егу – бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр. Осындай бастамалар жиі болса екен», – деді ол.
Отбасымен бірге келген тұрғындардың да пікірі бар. Қостанайлық Қуатбек Ермағанбетов бұл шараны ортақ жауапкершіліктің белгісі деп санайды.
«Бір ағаш еккен адамның жаны тыныш. Балаларыма табиғатқа немқұрайлы қарамауды осылай көрсеткім келеді. Бәрінің күш біріктіргені қуантады», – дейді ол.
Журналистер де ағаш отырғызу жұмысына тартылды. Қала басшысы тілшілерге күрек ұстатып, өз қолдарымен көшет отырғызуына мүмкіндік берді.
«Қостанай – бәріміздің ортақ үйіміз. Көшет отырғызу – бір күндік акция емес, болашаққа жасалған қадам. Әр азаматтың үлесі маңызды», – дейді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қостанайда өткен бұл экологиялық шара тек сенбілікпен шектелмей, қала тұрғындарының ынтымағын, табиғатқа деген көзқарасын айқындады.

Триатлон-паркте егілген ағаштар болашақта жасыл желекке айналып, тұрғындардың еңбегінің нәтижесін көрсетпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Диана Алмасқызы
