Бүгін еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ауқымды экологиялық күн өткізілді.

Бұл бастама – еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға, таза әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын құруға бағытталған маңызды қадам.
Аталған акцияға арқалықтықтар да белсенді түрде қатысты.

Күздің жаймашуақ күнінде қала тұрғындарымен бірге өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, өз қолымен бірнеше түп ағаш көшеттерін отырғызды.

Жалпы, бұл күні қалада 500-ден астам қарағай көшеті отырғызылып, олардың бір бөлігі құрылысы жаңғыртылып жатқан Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеттің екінші корпусын абаттандыруға, ал бір бөлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы аллеяны көркейтуге арналды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері, еріктілер, белсенді жастар және қала тұрғындары қатысты.
«Біз акцияға әулетімізбен келіп тұрмыз. Педагогтар әулеті, Қолдасбаевтар әулеті Ерлан Шәкіров атты немеремізбен бірге келіп қатысып жатырмыз. Бұл бала да ұстаздық жолын таңдады, консерватория бітірген. Осы қалаға еңбегін сіңіріп жатыр. Бүгінгі күн бәрімізге қуанышты күн. Өйткені, бұл науқан елімізге керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің таяудаға Қазақстан халқына Жолдауында да жаңа мақсаттар мен міндеттер қойды. Осы елдік ұлы мақсаттарды жүзеге асыру біздің жастарымыздың қолында», – дейді Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің доценті, ардагер ұстаз Зинаида Қолдасбаева.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсартудан бастап, жасыл аймақтарды қалпына келтіруге және инфрақұрылымды жаңғыртуға дейінгі кең ауқымды міндеттерді қамтиды. Соның ішінде ерекше назар Қостанай облысының оңтүстік өңірлеріне аударылды. Мұнда экологиялық бастамалар ірі инфрақұрылымдық жобалармен қатар жүзеге аспақ. Аймақтың экономикалық дамуының негізіне айналатын стратегиялық маңызы бар «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы да осы мақсатқа кіреді.
Арқалық пен оған іргелес аудандарда өтетін іс-шаралар өңірді жан-жақты жаңарту жолындағы маңызды қадам. «Таза Қазақстан» жобасының арқасында қала тұрақты дамудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болып, барша Торғай өңірі жаңа серпін алады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
