Арқалықта ат дүбірі аламанға ұласты

Арқалықта ат дүбірі аламанға ұласты

Ұлттық ат спортынан ат бәйгесі Арқалық қаласының атбегілерінің қолдауымен өтізілді.

Тай жарысы – 4 км, Құнан бәйге – 8 км, Аламан бәйге – 18 км қашықтықты құрады.

Атшабардың бір айналымы екі шақырымды құрайтынын ескерсек, аттардың қанша айналым жасайтының межеленген қашықтықтары бойынша есептей беруге болады.

blank

Тай жарысының бас жүлдесі – 100 мың теңге, Құнан бәйге – 150 мың теңге, Аламан бәйге – 300 мың теңгені құрады.

blank

«Ат бәйгеге дайын болу үшін кемі 30-40 күн уақыт керек. Аттың тері алынып, ат пен бала бірге жарау керек. Қазір шабандоз табу қиын. Алдағы уақытта осы жағдайлар ескерілуі қажет. Білгенімізді жастарға үйретіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрді жалғастырсақ дейміз. Екінің бірі атқа шаба бермейді. Атты жаратпай әкелсе аяғы кетеді. Уақыт тығыз болғандықтан атымызды бәйгеге қоспай, тай жарысқа тақым қысып тұрған жайымыз бар. Тайымыз аудан көлеміндегі жарыстарда екі рет бәйгенің басынан табылды», – дейді елге танымал атбегі Мағзұм Баймағанбетов.

Ат жарысы дегенде делебесі қозбайтын жан кемде кем. Атшабар басы жанкүйерлерін жанына көптеп жинап әр жарыс көптің қошеметімен, ыстық ықыласымен өрнектелді.

Тай жарысында Екідің ауылынан Азамат Нұрғабыловтың, Құнан бәйгеде Арқалық қаласынан Нұрлан Омаровтың, Аламан бәйгеде Амангелді ауданынан Мұрат Тұрмағанбетовтің үкілеп әкелген жүйріктері үміттерін ақтап, бәйгенің басынан көрінді.

blank blank blank blank blank

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков арнайы құттықтап, сый-сияпаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Сондай — ақ, жарысқа демеушілік танытқан азаматтарды да Алғыс хатпен марапаттады.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы