Оның сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары шыққан «Запорежец» жеңіл көлігі әл күнге қала көшелерінде желдей жүйткіп жүр. Бұл көлікті мемлекеттік әлеуметтік қорағау мекемесі кезінде мүмкіндігі шектеулі жанға тегін берген екен.

Соның арқасында тағдыр теперішін тартып, қанатынан айрылған құстай шарқ ұрған азаматтың үміті оянып, қайта қозғалып, жүріп-тұруына мүмкіндігі туған.
«Бұл менің аяғым. Қала үлкен болмағанымен баратын жеріме барып, қажетімді өтеп жүр. Өте үнемді көлік.Көп ақаулана бермейді. Тіпті, жөндеуді қажет етпейді десе де болады. Қосалқы бөлшектері жеткілікті. Болмай бара жатса интернет арқылы тапсырыс берсек өздері жеткізіп береді. Қаланың ішінде ғана жүремін. Алыс жолдарға шығуға қарастырылмаған. Жақын маңдағы саяжайларға да баруға болады», – дейді арқалықтықтарға етене таныс көк запорежецтің иесі Генадий Шелкунов.
Ол 1971 жылдан бері қала тұрғыны. Ата-анасының қоныстанған жері. Анасы кеніште кадр бөлімінде, әкесі басшының орынбасары болған. Өзі әскери міндетті борышын Германияда өткерген. Еңбек жолын жүргізуші болып бастаған. Небары 24 жасында қапияда аяғынан айрылады.
«Мен І топ мүгедегімін. Көлікті маған кезінде үкімет арнайы түрде берген. Зейнеткерлікке шыққаныма да 6 жылдың жүзі болды. Ел қатарлы жақсы ғұмыр кешіп жатырмыз. Қаламыз жыл сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Көпқабатты үйлер жөнделіп, қала көшелері көргенде көңіл қуантады. Жолдар да жөнделіп жатыр. Көліктердің қозғалысына еш қиындық тудырмайды», – дейді қайсар рухты жерлесіміз.
Өзінің ұлты орыс. Жұбайы украйн. Құдай берген қызы, екі жиендері бар.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
