Арқалық театры ширек ғасырды артқа тастады

Арқалық театры ширек ғасырды артқа тастады

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Төл мерекелерін Арқалық қазақ жасөспірімдер театры мерейтойлық көңіл — күймен қарсы алды. 

Биыл өнер ордасының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Мерейтой иелерін қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Облыстық қазақ жасөспірімдер театры кезекті рет өз репертуарындағы Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналады.

Қойылым желісі жалпы көрерменге жақсы таныс. Жеті ұл өсіріп, қырық бір немере тәрбиелеп, алты келін жұмсап отырған Фармон бибі кенже ұлын үйлендіріп, келін түсіреді. Жаңа түскен келінмен бірге, үйге жат қылықтар енеді. Ата-анасы бетінен қақпай өсірген ерке келін Нигора қалыптасқан әулет заңдарына бағынбайды. Ақырында ол абысын — қайнағаларымен ақылдаса отырып «Генерал ене» атты шағын қойылым дайындайды. Қойылым арқылы өз қателігін түсінген Фармон бибі ұлдарының өз алдына жеке үй болып, бөлек шығуларына рұқсатын береді.

Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға да батырады.

Қойылымды жұртшылықпен бірге тапжылмай тамашалаған қала басшысы мерейтой иелерін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Облыс және қала әкімдерінің «Құрмет грамоталары» иелерін тапты.

Әр тарихи кезеңде әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты театр бірнеше рет қайта құрылып, 2001 жылдан бастап Арқалық қазақ жасөспірімдер театры ретінде қызметін жалғастырып келеді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Салтанатты шақта театр басшысы Нұрлыбек Сапабекұлы көрермендерге алғысын айтып, театрдың абыз ақсақалы Бөлтірік Молдашев жастарға батасын берді. Қаланың мәдениет ошақтары мерейтой иелеріне құттықтауларын жеткізді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                                Арқалық қаласы