Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында Халықаралық театр күні кең көлемде аталып өтті. Өнер мен мәдениеттің мерейін үстем еткен бұл кеш театр сүйер қауымға ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік шара театр әртістерінің қызыл кілеммен жүріп өтуінен басталды. Сән-салтанаты келіскен бұл көрініс көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, кештің ажарын аша түсті. Театр ұжымы жыл бойы атқарған еңбектерінің нәтижесінде түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Әрбір әртістің еңбегі еленіп, сахна шеберлеріне құрмет көрсетілді.
Кеш барысында құттықтау сөздер айтылып, театр өнерінің дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдірілді. Алғашқы болып сөз алған «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» ММ басшысының орынбасары Саят Жүсіпов «Құрметті өнер сүйер, театр сүйер қауым, баршаңызды Халықаралық театр күнімен құттықтаймын! Өнерпаздарға алғыс айтқым келеді. Себебі әртістердің жұмысы оңай емес. Бір қойылым үшін қаншама тер төгіледі. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін! Бұл театр облысымыздың мәдениетінің қара шаңырағы. Әлемге Ілияс Омаровтың атын танытып жүр. Әрқашан биіктен көріне беріңіздер», — деді.
Сонымен қатар, мерекелік концерт ұйымдастырылып, ән мен жырдан шашу шашылды. Әртістер өз өнерлерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Салтанатты шараның жалғасы ретінде көрермен назарына «Біз туралы» қойылымы ұсынылды. Қойылым арқылы театр ұжымы өздерінің шығармашылық жолы мен ішкі әлемін сахна тілімен жеткізді. Терең мазмұнды туынды көрерменді ойға қалдырып, ерекше әсер сыйлады.
«Театр өнері қоғам айнасы, ұлтты тәрбиелейтін ортаның бірі. Бүгінгі мерекеде көрермендеріміз бен әріптестерімізге жақсы көңіл күй сыйлайық деп осы кешті ұйымдастырып отырмыз. Барша әріптестерімді құттықтай келе, қазақ театры жасасын дегім келеді. Дәрігер адамның тәнін емдесе, театр жанын емдейді», — дейді театр басшысы Асхат Зауатбек.
Бұл кеш театр ұжымы үшін ғана емес, өнерді қадір тұтатын барша көрермен үшін маңызды мәдени оқиға болды.

Халықаралық театр күні – сахна саңлақтарының еңбегін бағалап, театр өнерінің қоғамдағы орнын айқындайтын ерекше мерекеге айналды.
Бота МАНЕТ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
