Қостанай өңірінде педагогтердің кәсіби әрі рухани дамуына серпін беретін «Кітап оқитын педагог» байқауының аудандық кезеңі өз мәресіне жетті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жүзеге асып жатқан бұл бастама қоғамда кітап оқу мәдениетін нығайтып, мұғалімдердің оқырмандық белсенділігін арттыру арқылы жас ұрпаққа өнеге көрсетуді мақсат етеді.
Аудандық кезеңге білім беру ұйымдарынан іріктелген үздік ұстаздар қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар көркем әдебиеттен бастап ғылыми-танымдық және педагогикалық бағыттағы еңбектерге дейін қамтылған 15 кітап бойынша тест тапсырды. Сонымен қатар, олар оқыған шығармаларын саралап, әр еңбектің тәрбиелік және танымдық маңызын терең талдады.
Жоба аясындағы іріктеу кезеңдерінің қалай өтетіні туралы «Кітап оқитын ұлт» жобасының Қостанай облысы бойынша фронт-кеңсе жетекшісі Надежда Сражатова түсіндірді.

Оның айтуынша, мектеп және колледж мұғалімдері арасында ұйымдастырылған викториналар арқылы аймақтық кезеңге өтетін үміткерлер анықталады.
— Қазіргі таңда мектепішілік кезеңге шамамен 5 мыңға жуық педагог қатысқан. Байқау талаптарына сәйкес, әр білім ордасынан жүлделі орын алған үш мұғалім команда құрып, өз мектептерінің намысын қорғайды. Қыркүйек пен ақпан айлары аралығында қалалық кезеңде қатысушыларға оқыған 15 кітап бойынша сұрақтар қойылады. Барлық тапсырманы сәтті орындаған командалар келесі кезеңге жолдама алып, облыс аудандарынан келген үздіктермен бақ сынайды. Ал финал 23 сәуірде өтіп, жеңімпаздар анықталады, — дейді «Кітап оқитын ұлт» жобасының Қостанай облысы бойынша фронт-кеңсе жетекшісі Надежда Сражатова.
Ал «Оқитын университет» бағытының жобалық менеджері Марғұлан Бәкір бұл бастаманың ауқымына тоқталды. Оның мәліметінше, жоба өткен жылдың қыркүйек айында басталып, бүгінде Қарағанды және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жүзеге асуда.

— Биыл Қостанай өңірінде жобаға 55 мыңға жуық адам қатысуда. Барлық 20 аудан мен қалада іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, қатысушыларға қазақ және орыс тілдерінде 15 кітаптан ұсынылған. Байқау екі тілдік лига бойынша өтеді. Алғашқы кезең мектеп ішінде тест форматында ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен педагогтер келесі кезеңге жолдама алған, — дейді «Оқитын университет» бағытының жобалық менеджері Марғұлан Бәкір.
Байқаудың басты ерекшелігі – ұстаздардың тек кәсіби біліктілігін ғана емес, олардың рухани-мәдени деңгейін, кітапқа деген қызығушылығын және оны білім беру үдерісінде тиімді қолдану шеберлігін бағалауында. Себебі қазіргі педагог – тек білім беруші емес, оқушыны кітап оқуға жетелейтін, бағыт-бағдар беретін тұлға. Жалпы, бұл байқау мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы мұндай бастамалар қоғамда кітап оқудың маңызын кеңінен насихаттап, оқырмандық мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.
Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ студенті