Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, профессоры, педагогика ғылымдарының магистрі, тіл жанашыры Ардақ Абдуллина Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Ерен еңбегі үшін» медалымен наградталды.
Ұлағатты ұстаз бұған дейінгі жемісті еңбек жолында ҚР БҒМ «Алғыс хаты», «Құрмет грамотасы», «Алаш ұстазы» дипломы мен төсбелгісі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің «Тіл жанашыры» Құрмет дипломы, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған болатын.

Жалпы, тәжірибелі маманның қырық жылға жуық еңбек өтілінің отыз жылдан астамы Ы.Алтынсарин атындағы қара шаңырақта жалғасып келеді. Алғашында арнайы шақыруымен келген ол қазіргі таңға дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасында қызмет етуде.
6B01701 — «Қазақ тілі мен әдебиеті», 6B01704 — «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарында білім алушыларға «Тіл біліміне кіріспе», «Тілдік қатынас негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің синтаксисі», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Жалпы тіл білімі», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Когнитивті лингвистика» пәндерінен дәріс береді.
2002 жылы Қазақ әдебиеті мамандығы бойынша Философия, Шетел тілі (ағылшын), Қазақ әдебиетінен кандидаттық емтихандарды ұздік тапсырып, №817 куәлігін алды. 2010 жылы кандитаттық диссертацияны алдын – ала қорғаудан өтті.
2015 жылы Астана қаласындағы Тұран — Астана университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды.
Бірнеше рет біліктілікті жетілдіру курстарында білімін жетілдіріп, арнайы сертификаттарға ие болды. Талапкерлерді оқу орнына тарту мақсатында жүргізілген кәсіптік бағдар беру мен кәсіби тәжірибе жұмыстарына, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Оқу бағдарламаларын, әдістемелік нұсқаулық, силлабустар, оқу-әдістемелік кешендер жасап, жыл сайын республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, өз шығармашылығын шыңдап жүрген ізденісті жан.
Отбасында: екі ұлдың аяулы анасы, немерелерінің сүйікті әжесі.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
Ар
қалық қаласы.
