Арқалық қаласындағы кәсіптік оқу орындары студенттер лигасының шеңберінде шорт-трек жарысы жалауын көтерді. Жарысқа университет және колледждерден барлығы бес команда қатысты.
Сайыс барысында қыз балалар 450 метр, ер балалар 750 метр қашықтықта конькимен сырғанап, бақтарын сынады. Аяғына коньки байлап, жарысқа бел буғандардың бірі болашақ есепші, Арқалық көпсалалы колледжінің білім алушысы Диляра Жасұланқызы коньки тебудің денсаулыққа өте пайдалы екенін айтады.

Оның осы спорт түрімен айналысып жүргеніне екі — үш жыл ғана болыпты.

«Жылдағыға қарағанда биыл өте жақсы сырғанайтын болыппын. Жарысқа алғаш рет қатысып, бағымды сынап жатырмын», – дейді ол.
Мұз айдынындағы мықтылар сайысының нәтижесінде жалпы командалық есепте бірінші орынды Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, екінші орынды Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, үшінші орынды Арқалық көпсалалы колледжі иеленді.

«Биыл қаламызда қысқы спорт түрлері қарқынды дамыды. Спортқа деген жанашырлық та жыл сайын артып келеді. Мәселен, осы қыста «Жігер» стадионының ұжымы қала іргесіндегі су қоймасынан коньки тебемін деушілерге тегін мұз айдынын әзірлеп, үлкен қамқорлық танытты. Атақты спортшы, білікті басшы Рүстем Асанханұлы басқаратын ұжымға елдің алғысы зор. Міне, кезекті жарыс та осы мұз айдынында өтіп отыр», – дейді Арқалық қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бас маманы Бағдат Махатов.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамотпен, медалмен, кубокпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
