Алуа Мүсәпірова қостанайлық көрермендерге классика жауһарларын тарту етті

Алуа Мүсәпірова қостанайлық көрермендерге классика жауһарларын тарту етті

Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы сахнасында «Классикалық музыка жауһарлары» атты классикалық бағыттағы концерт өтті.

Кештің басты кейіпкері – халықаралық конкурстардың лауреаты, дарынды орындаушы Алуа Мүсәпірова.

Музыкалық кешке жиналған көрермен әлемдік классика жауһарларынан құралған мазмұнды бағдарламаға куә болды. Концерт барысында әр дәуір мен бағыттағы туындылар шырқалып, тыңдарман қауымды терең сезім мен әсем әуен әлеміне жетеледі.

Өнер кешінде халықаралық байқаулардың лауреаты, пианист Зәуреш Шынтемірова, М.И. Глинка атындағы ЧТМОБА солистері, камералық оркестр және Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филормониясының солистері өнер көрсетті.

blank blank blank blank blank

Алуа Мүсәпірова өзінің орындаушылық шеберлігімен, сахна мәдениетімен және көркем жеткізуімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әр шығарма ерекше нақышпен орындалып, залдағы көрермен ұзақ уақыт қол соғып, ризашылықтарын білдірді.

«Бұл менің алғашқы өнер кешім. Кештің алдында қатты толқыныс үстінде болдым. Бірақ көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі менің толқынысымды ұмыттырып, қанаттандырып жіберді. Барша келген тыңдаушы қауымға зор алғысымды білдіремін. Өнер адамына бұдан асқан бақыт жоқ», – дейді өнер иесі.

Кеш классикалық музыканың мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, өңірдің мәдени өміріне айрықша серпін берді.

Осындай тағылымды музыкалық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.

Бота МАНЕТ