Жыл басынан бері өңірде 153 жағдай тіркелсе, өткен 2025 жылдың осы кезеңінде небәрі 52 жағдай анықталған болатын. Бұл көрсеткіш аурудың бірнеше есеге артқанын көрсетеді. Дәл қазір ауырған балалардың ішінде үшеуінің халі төмендеп, екеуінің беті бері қараса, бір бала әлі күнге ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
Мамандардың мәліметінше, сырқатқа шалдыққандар көбі Қостанай және Арқалық қалаларында, сондай-ақ Қостанай және Амангелді аудандарында тіркеліп отыр. Қалған өңірлерде жекелеген жағдайлар ғана кездескенімен, жалпы динамика күрделі екенін аңғартады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова қызылшаның аса жұқпалы инфекция екенін айтады. Оның айтуынша, қызылша ауа арқылы таралады және контагиоздылық индексі 93-95 пайызға дейін жетеді. Бұл дегеніміз екпе алмаған адамдар арасында вирустың өте жылдам таралатынын білдіреді.
Ауруға шалдыққандардың 90,8 пайызы – вакцина алмағандар. Жалпы 139 науқастың ішінде 50-і екпе жасына жетпеген балалар болса, 54 жағдайда ата-аналар вакцинациядан бас тартқан. 20 адамның екпе мәртебесі анықталмаған, ал 15 жағдайда медициналық қарсы көрсетілім тіркелген. Демек, індеттің таралуына негізгі себептердің бірі – вакцинациямен толық қамтылмау.
Жас ерекшелігіне қарай талдасақ, науқастардың басым бөлігі – 4 жасқа дейінгі балалар (105 жағдай немесе 68,6 пайыз). 4-14 жас аралығында 22 бала ауырған. Сондай-ақ 5 жасөспірім мен 21 ересек азаматтан қызылша анықталған.
Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жыл басынан бері 804 адам вакцина алған, оның 593-і – балалар. Оның ішінде 6-10 айлық 397 сәбиге қосымша иммундау жүргізілген. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, облыста медициналық ұйымдар вакцинамен толық қамтамасыз етілген және екпе Ұлттық профилактикалық күнтізбе аясында тегін жүргізіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева мұндай қиын жағдай бұрын соңды болмағынан айтады.
«Дәл мұндай жағдай соңғы бес жылда болмаған еді. Қазір облыста медициналық ұйымдар вакцинамен жеткілікті қамтамасыз етілген. Вакцинация Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесі аясында тегін жүргізіледі. Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы екпе алу. Бұрын қызылшамен ауырған адам иммунитеті әлсіресе қайтадан ауыруы да мүмкін», – дейді ол.
Айта кету керек, республика бойынша да қызылша ауруының өсуі байқалады. 2026 жылдың қаңтар айында Қазақстанда екі мыңнан астам жағдай тіркелген, олардың шамамен 80 пайызы – екпе алмаған балалар. Осыған байланысты елімізде санитариялық-профилактикалық шаралар күшейтілді. Қосымша иммундау науқандары ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде вакцинацияға бақылау күшейтілді. Қызылша тіркелген жағдайда екпе алмаған балалар уақытша оқшауланатын болады.
Мамандар қызылшаның жай ғана бөртпемен шектелмейтінін ескертеді. Ауру өкпе қабынуына, жүйке жүйесінің зақымдануына, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан уақытылы вакцинация – қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы.
Дәрігерлер ата-аналарды балаларының екпе мәртебесін тексеріп, вакцинациядан бас тартпауға шақырады. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана індеттің таралуын тоқтатуға болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
