Биыл Арқалық қаласы және қала іргесіндегі кенттерді қардан тазарту үшін 140 миллион теңге қаржы қарастырылған. Осы бөлінген қаражатқа 72 мың куб қар шығарылуы тиіс.
Көшені уақытылы қардан тазартып, жолдарды аршып отыру — басты міндет.

«Қазіргі таңда шамамен 23 мың куб қар шығарылды. Таяуда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында, үйлерге су кірмес үшін қала іргесіндегі кенттер мен қала көшелерінде жаппай қар шығару жұмыстары басталады. Мердігер ұйымдармен келісім — шартымыз бар», – дейді Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй құрылыс, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Асылхан Қуанышбаев.
Конкурс жариялағанда қойылатын талаптар да айқын көрсетіледі. Кейінгі жылдары қала көшелерінде сырмақтастар салынған жерлердің көлемі артты.

Сол себепті, құрылысқа зақым келтірмес үшін қажетті жерінде шағын техникалардың болуы да аса маңызды.
«Қазір бұл талаптардың бәрі ескеріліп, жұмыс сапалы әрі уақытылы жүзеге асуда. Мердігерлер өздеріне жүктелген міндетті жетік сезініп, жауапкершілікпен тыңғылықты жұмыс істеуге тырысады. Бұрынғыдай бораннан кейін жолдардың екі-үш күнге шейін аршылмай жатуы кездеспейді. Қар уақытылы тазартылып, көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының қалыпты ырғағы сақталады», – дейді Асылхан Темірханұлы.
Қысқасы, әркім атқаратын жұмысын жетік біледі. Күш – құралдары да қауқарлы. Қала көшелерін қардан тазартумен «Лидерстрой — 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), «Дачный» кентін «Әбжанов» жеке кәсіпкерлігі (ЖК), «Новый» кентін «Баракат» ЖК, «Северный» кентін «Тасмағанбетов» ЖК, «Ақбидай», «Молодежный» кенттерін «Есілбаева» ЖК, «Нефтебаза», «Дорожник» кенттерін «Аман» ЖК айналысады.

Сондай – ақ, «Тазарту — Арқалық» ЖШС жұмысшылары қала көшелерінің қалтарыс — қиылыстарының тазалығын үнемі қамтамасыз етіп отырады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
