Ана тіліміз отбасы байқауында дәріптелді

Ана тіліміз отбасы байқауында дәріптелді

Бүгінде мектеп қабырғасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту өзекті мәселе.  Тілімізді құрметтеу  отбасынан басталатыны тағы бар. Өскелең жас ұрпақтың арасында қазақ тілін насихаттау үшін өткізілген “Тіл тамыры – отбасы” байқауы  8 мектептің ата-аналарының басын қосты.

Байқауға № 9, 10, 15, 20, 24, 28 жалпы білім беретін мектептерінің,  С.Мәуленов атындағы гимназия және №115 мектептің атынан 8 отбасы қатысты.

Айгерім Сұлтанова да отбасымен бірге жеңіске жетеміз деген сеніммен келді.

“Негізі отбасымызбен мұғалімдерміз. Жолдасым №15  мектепте, ал өзім А.М.Горкий атындағы гимназияда мұғалім болып жұмыс істеймін. Баламыз С.Мәуленов атындағы гимназияның оқушысы. Бұл сайыс ата-аналар арасында өтетін болғандықтан,  баламыздың мектебінің атынан келдік. Барымызды салып дайындалдық”, –дейді Айгерім.

Байқау төрт кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңде әр жанұя өзіндік ерекшеліктерімен отбасы мүшелерін таныстырып  шықты.

Екінші кезеңде шығармашылық өнер, келесі сахналық қойылым, байқаудың соңы батамен аяқталды.

Марғұлан Назарұлы ұлттық салт-дәстүрлерімізді жасөспірімдерге насихаттау маңызды екенін айтады. №28 мектеп гимназиясы атынан келген Әбдібековтер отбасы таныстыру кезеңінде-ақ көрініс қойып, ән айтып және өлең оқып көрермендерді таң қалдырды.

“Тәрбие отбасынан басталады демекші, жастарға тілді, отбасының құндылығын ұғындыру керек. Сахнаға отбасыммен шығып, бәріміз бірге өнер көрсеткенде балалар ерекше сезімге бөленеді деп ойлаймыз. Өте жақсы ұйымдастырылған жоба. Осындай жобалар көп болсын!” – дейді Марғұлан Әбдібеков.

“Тіл тамыры-отбасы” жобасы «AMANAT» партиясының жанындағы “Мирас” аймақтық кеңесі мен “Қазақ тілі” қоғамының бірлесуі арқылы жүзеге асты. Байқаудың қалалық кезеңін білім бөлімінің ұйымдастырғанын айта кетейік.

Қазақ тілі қоғамының облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санайдың айтуынша, қалалық байқауда жеңіске жеткен отбасы өңірлік кезеңге, одан әрі облыстық сайысқа дейін өтуге жолдама алады.

“Қалалық сайыста жеңіске жетіп, жүлделі бірінші орын алған отбасыға 75 мың, екінші орынға 50 мың және үшінші орынға 25 мың теңге табыс етілді. Ал, облыстық байқауда бірінші орынға ие болған жанұяға 500 мың теңге, ары қарай 300, 200 мың шамасында қаржылай сыйлықтар беріледі”, – дейді ол.

Тіл тамыры – отбасы» атты қалалық байқауының жеңімпазы –Әбдібековтер отбасы осы  жылдың үшінші онкүндігінде өтетін өңірлік кезеңде (Рудный, Қостанай қаласының отбасылары сынға түседі) Қостанай қаласының намысын қорғайды.

 

Диана БАТЫРБЕК 

Жаңалықтармен бөлісу