Аманкелдіде жас домбырашылардың І облыстық байқауы өтті

Аманкелдіде жас домбырашылардың І облыстық байқауы өтті

Қостанай өңірінен қазақ өнерінің өрісін кеңейткен талай таланттар түлеп ұшты. Бүгінде сол ұлы мұраны жалғаған жас домбырашылар Аманкелді ауданының төрінде бас қосып, шеберліктерін сынға салды.

Аманкелді ауданында Білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында «Қанатты домбыра» жас домбырашылардың І облыстық байқауы өтті.

Өнер додасына Қостанай, Арқалық қаласы мен Алтынсарин, Жанкелдин, Әулиекөл, Науырзым, Аманкелді аудандарының дарынды жастары қатысты. Олар 10-13 және 14-17 жас ерекшеліктері бойынша  өнерін ортаға салды.

blank

Іс-шараның ашылуында сөз алған Аманкелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев қатысушыларға сәттілік тілей келе:
«Ұлттық өнер – ұлттың жаны. Домбыраның қоңыр үнімен тәрбиеленген ұрпақ елдік рухты биік ұстайды. Біз әрдайым қазақ өнерін қолдауға, күй өнерінің мәртебесін арттыруға үлес қоса береміз», – деді.

blank

Байқаудың қазылар алқасына арнайы шақырылған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Анар  Мұздаханова жас домбырашылардың өнеріне әділ бағасын беріп, жетекші ұстаздар мен оқушыларға арналған шеберлік сағатын өткізді. Ол шеберлік сағат барысында «Тархан баба» күйінің орындалу ерекшеліктеріне тоқталды.

blank

Байқау шарты бойынша қатысушылар Тобыл–Торғай өңірі күйшілерінің шығармаларын орындады. Жүлдегерлер мен оларды дайындаған ұстаздар Қостанай облыстық білім басқармасының арнайы грамоталарымен марапатталды.

blank

Кіші топта байқаудың бас жүлдесін Жанкелдин аудандық Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің оқушысы Жанбота Орманбек жеңіп алды. Ал үлкен топтың бас жүлдесін Аманкелді ауданы білім бөлімінің музыка мектебінің оқушысы Мәди Қалыбек иеленді.

blank

«Бұл жеңіс мен үшін үлкен мәртебе. Қазақтың күй өнерін жүрекпен сезініп, оны әрі қарай дәріптеу – біздің парызымыз. Ұстаздарыма алғыс айтамын», – деді жеңімпаз Мәди Қалыбек алған әсері бөлісіп.

blank

Бұл жолғы тағылымды іс-шара да қазақ халқының асыл мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, күй өнерінің алтын арқауын үзбей жалғаған жарқын үлгі болды.

blank

Аманкелді ауданы