Арқалықта 2025 жылдың көктемгі ағаш егу науқаны басталды. Биыл жоспарға сай қала бойынша алты мыңға жуық ағаш отырғызылады.
Қалаға кіреберіс жолдың бойына 4 мың түп ағаш егіледі. Ағаш отырғызылатын жердің жалпы ұзындығы 2 мың 300 метр.
Науқанды қала әкімі Әмірхан Асановтың өзі өз қолымен бірнеше түп ағаш егіп бастап берді.
«Елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша ағаш егу акциясы басталып жатыр. Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі бас болып, ағаш егудің өміршең іс екендігін айтып, өзі ағаш егіп, үлгі көрсетіп берді. Бүгін осы жарқын іске Арқалық қаласының тұрғындары да атсалысып, өздерінің елді-мекендерді абаттандыру жұмыстарынан әрқашан шет қалмайтындықтарын көрсетуде. Бұл жерде келешекте саябақ болады деп жоспарлап отырмыз. Үш түрлі ағаш отырғызылады. Жан-жағын қоршап, жарық шамдар қойып, ортасына жүгіру жолы істелінетін болады», –дейді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Бұдан бөлек қала ішіне мың түп ағаш егу көзделген. Қазіргі таңда қала бюджетінен арнайы қаражат бөлініп, мердігерлер анықталып жатыр. Олар өскіндерді жаз бойы күтіп, баптап, тыңайтқыштарын салып, мезгілімен суарып, күзде санап тапсырады.
Оның сыртында ауылдық мекендерде де мектептердің, балабақшалардың аулаларына ағаш егу тапсырылған.
«Ағаштарды отырғызып, күтіммен өсіруді мойнымызға алып отырмыз. Кепілдікпен жасалған келісім – шартқа сай мерзімде баптап, шықпай қалғаны болса алмастырып, өсіріп береміз. Жалпы, ағаш егудің де өзіндік тәсілдері бар. Желдің бағыты, күннің түсімі соның бәрін ескеру керек. Арасында беріп тұратын дәрумендері болады, қысқасы оңай шаруа емес. Ал, біздің бұл істе он жылдан астам уақыт жинаған тәжірибеміз бар. Бірнеше жыл қатарынан елордамыз Астана қаласында көгалдандыру жұмыстарымен жақсы айналысып келеміз», – дейді ағаш егу жұмыстарын қолға алып, арқалықтықтардың сенімінен шығуды мақсат еткен мердігер — «Айзере» ЖШС басшысы Жарас Жұманазарұлы.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы