«AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Қостанай облысы Меңдіқара ауданына қарасты Первомай және Боровское ауылдарында тұрғындармен кездесу өткізді. Жүздесуге келген азаматтар өздерін толғандырған түрлі мәселе бойынша жүгінді.
Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Жанар Күйшинова, партияның Орталық аппараты жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің сарапшысы Жанна Жарасбаева және консультанты Қымбат Ілиясова, аудан әкімінің орынбасары Айдос Қаратаев, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Рахметқалиев, облыстық басқармалар өкілдері мен «Отбасы банк» және «Halyk Life» компанияларының қызметкерлері қатысты.
«Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – әр азаматтың мәселесіне бей-жай қарамай, партия және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешу жолдарын табу. Біз әр өтінішке қатысты нақты шешім қабылданғанға дейін бақылауда ұстаймыз», – деді партияның Орталық аппараты жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің сарапшысы Жанна Жарасбаева
Ауыл тұрғындары өздерін мазалаған түйткілді мәселелерді ашық айтты. Олардың арасында елді мекендерде дәріхана ашу мүмкіндігін қарастыруды сұрағандар да, тегін рецепті бойынша дәрі-дәрмек алудың қиындығын алға тартқандар да болды. Тұрғындар медициналық сақтандыру жүйесінде не өзгереді, қаржыландыру мәселесі қашан тұрақталады деген сынды сұрақтарға тоқталды. Кейбір азаматтар ауыл шаруашылығы техникалары мен гербицидтерге берілетін субсидиялардың жайын сұрады.

«Мен осы қабылдауға арнайы келіп, ауылымыздағы жалғыз дәріхананың жабылып қалғанын айттым. Үнемі аудан орталығына бару қиын. Мамандар мәселені назарға алып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Осындай кездесулердің пайдасы көп екеніне көзім жетті», – деді Первомай ауылының тұрғыны, зейнеткер Жанайдар Төлеубаев.
Сүт сатып алу бағасы, елді мекендерді газдандыру, кіреберіс жолдардың жағдайы, аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, екі қабатты үйлердің сыртқы келбеті мен аулаларды абаттандыру, автобус қатынасын қайта жандандыру сияқты мәселелер де көтерілді. Сонымен қатар ауылға медицина мамандарын тарту, көшелерді жарықтандыру және элеваторлардың дайындығы жөнінде нақты сұрақтар қойылды.

«Біз ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді тыңдап, нақты шешімдер қабылдадық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осындай алаңдар арқылы жүзеге асады. Мұндай кездесулер – тұрғындар арасындағы сенімді нығайтады», – деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Жанар Күйшинова.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған «AMANAT» партиясының
баспасөз қызметі

