Allur зауытының қызметкері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Allur зауытының қызметкері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Облыстың түрлі саласында еңбек етіп, еселі табысқа жетіп жүрген әйелдер қауымы аз емес. Адал еңбек елеусіз қалмайды. Халықаралық әйелдер күні мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген арулар мемлекеттік наградаларға ие болды. Қаладағы «Жастар сарайында» өткен мерекелік концертте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің атынан облыс әкімі Құмар Ақсақалов марапаттарды лайықты иелеріне тапсырды. Мәртебелі марапат иелерінің қатарында Қостанайдағы Allur көлік зауытында еңбек ететін Жанымкүл Жұрмағамбетова да бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

 

Зауыттың нәзік жандысы жеңіл автокөліктерді ұсақ тораптық құрастыру цехындағы триминг желісінде механикалық құрастыру жұмыстарының слесары болып жұмыс істейді.

Жанымкүл Қайындыбайқызының зауытта еңбек етіп келе жатқанына биыл жетінші жыл. Осы уақыт ішінде ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті әрі білікті маман ретінде танылып, дәлелдей алды. Әркез күлімдеп, айналасына шуағын шашып жүретін маман өндірістегі жоғары мәдениеті мен кәсібилігі арқылы әріптестерінің зор құрметіне ие. Оның үстіне жас мамандарға тәлімгер болып, мол тәжірибесімен де бөлісіп жүр.

Ұжымдастары оның адамға деген ерекше құрметі мен сыпайы сыйластығы, жақсы қарым-қатынасы үшін де ерекше бағалайды. Ол өндірістік желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет болған жағдайда, қосымша уақытта да еңбек етуден жалтармайды. Әркез зауыттың дамуы үшін барын салуға әзір тұрады.

blank

Қос баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған Жанымкүл Жұрмағамбетова отбасылық міндеттерін де, кәсіби қызметін де қатар алып жүр. «Ерен еңбегі үшін» медалі – оның адал еңбегі мен отандық машина жасау саласының дамуына қосқан үлесінің лайықты бағасы.

Зауыттың атқарушы директоры Арғұлан Салтанұлы Майқонов та әріптесін арнайы құттықтап, бұл марапат өндіріс қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға екенін атап өтті.

Оның айтуынша, кәсіпорын жетістігінің негізі – өз ісіне адал еңбек ететін мамандар.

blank

Allur – Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндіруші кәсіпорындардың бірі әрі өңірдің маңызды индустриялық нысаны. Зауыт жылына 120 мыңнан астам автокөлік шығарып, өндірістік қуатын еселеп отыр. Мұнда Chevrolet, Kia, JAC, Skoda, Jetour және Geely Galaxy сияқты халықаралық брендтердің көліктері құрастырылады.

blank

Бүгінде автокөлік өндірісі төңірегінде ірі индустриялық кластер қалыптасып келеді. Өңірде автокомпоненттер шығару, құю өндірісін дамыту және жаңа автокөлік құрастыру жобаларын іске асыру жоспарланған.

Осының нәтижесінде Қостанай облысы Орталық Азиядағы машина жасау саласының маңызды орталықтарының біріне айналуда. Ал өндіріс қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау – ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілген үлкен құрмет.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – Allur зауытының баспасөз қызметі