Бүгінде аудан тұрғындары алдағы референдумға белсенді дайындық үстінде. Аудан бойынша барлық ұйымдастыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, сайлаушылардың еркін әрі ашық дауыс беруіне қажетті жағдайлар жасалуда.
Науырзым ауданында 8 087 тұрғын бар. Соның жартысына жуығы сайлау құқығына ие. Референдум күні аудан аумағында 15 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар 1 аумақтық референдум комиссиясы қызмет атқарады. Учаскелік комиссиялардың құрамында 75 адам, ал аумақтық комиссия құрамында 7 адам бар. Комиссия мүшелерінің тәжірибесі жоғары. Барлық сайлау учаскелері материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген, толығымен әзір.

Аудан басшылығы да референдумды ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысып отыр. Референдум күні аудан тұрғындарының белсенділігін арттыру және мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарланған. Сайлау учаскелерінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, келушілерге ыстық шай мен бауырсақ ұсынылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, фотозоналар, конкурстар, флешмобтар және түрлі акциялар өткізілмек. Мұндай іс-шаралар сайлаушылардың көңіл-күйін көтеріп, азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуына ықпал етпек.
Аудан бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. 16 ақпаннан бастап Науырзым ауданында аумақтық коалиция өз жұмысын бастады. Оның құрамына саяси партиялардың өкілдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәдениет, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері енген. Коалицияның жалпы құрамы – 22 адам. Оның жұмысына «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы жетекшілік етеді.
Қазіргі уақытта бекітілген желілік кестеге сәйкес аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында үй-үйді аралау жұмыстары да атқарылды. Азаматтарға дауыс беру күні, уақыты, учаскенің орналасқан жері және дауыс берудің қолжетімді тәсілдері туралы толық ақпарат берілген.

Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде бақылаушылар да жұмыс істейді. «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының Қостанай облыстық филиалынан 30 стационарлық бақылаушы, ал «AMANAT» партиясынан 15 бақылаушы қатысады.
Жалпы алғанда, Науырзым ауданында референдумды өткізуге барлық дайындық жұмыстары толық жүргізілуде. Ұйымдастырушылық, ақпараттық және техникалық шаралардың барлығы жоспарға сәйкес орындалып, тұрғындардың белсенді қатысуына барлық мүмкіндік жасалып отыр.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы
