Айсары ауылында «Шабыт» мәдени орталығы ашылды

Айсары ауылында «Шабыт» мәдени орталығы ашылды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қостанай ауданының Айсары ауылында «Шабыт» мәдени орталығы салтанатты түрде ашылды.

Ескі ғимарат отыз жылға жуық уақыт бос тұрған. Аудан әкімінің қолдауымен жан бітіп, ауыл тұрғындарының игілігіне беріліп отыр.

blank blank

Салтанатты іс-шараға қатысқан Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев ауыл тұрғындарын құттықтап, бұл орталықтың ауылға қажет екенін атап өтті.

blank

«Сіздерді Жаңа жыл қарсаңында осындай тамаша демалыс орталығының ашылуымен құттықтаймыз. Бұл орталық – дәл сіздер үшін, ауыл халқы үшін ашылды. Мұнда домбыра, балалар хореографиясы, күрес үйірмелері жұмыс істейді. Сіздер бас қоса алатын мәжіліс залы да бар. Ел Президентінің сарабдал саясатының арқасында осындай ғимараттар көптеп ашылып, қайта жаңғыра берсін. Бұл ғимарат 30 жылға жуық уақыт бос тұрды, ал бүгін мұнда жаңа өмір басталды. Айсары ауылдық округінің тұрғындары осы үйірмелер арқылы дамып, ауданымызды, облысымызды паш ете берсін!», – деді аудан әкімі Олжас Нұрғалиев.

Мәдени орталықтың жетекшісі Гүлмира Әлжанова ауыл мәдениетінің жандануына жаңа ғимараттың тигізер ықпалы зор екенін айтты.

blank blank

Оның сөзінше, бұған дейін мәдени іс-шаралар мектеп ғимаратында өткізілген.

blank blank

«Бұл бұрын екі қабатты әкімдік ғимараты болған деп естідім. Ауыл әкімі Бауыржан Ерденұлына көп рахмет. Осыдан бірер жыл бұрын осы ғимаратты қалпына келтіремін, балалар таза, жылы жерде дайындалатын болады деп уәде еткен еді. Оған дейін домбыра, би үйірмелеріне арналған орын жоқ болды, мектеп ғимаратының бір бөлігінде жұмыс істедік. Енді міне, керемет ғимарат салынып берілді. Мұнда домбыра, би, вокал үйірмелері, әжелер ансамблі жұмыс істейді. Енді үлкен кісілерге арналған клуб та ашылып жатыр. Осы мәдениет үйімен ауылымыз көркейеді деген үміттеміз. Бәрінен де аудан басшылығының көмегімен, оның ішінде ауыл әкімінің еңбегі зор», – дейді Гүлмира Әлжанова.

Орталық жетекшісі ауыл халқы өнерден кенде емес екенін жеткізді. Қандай да бір мерекелік іс-шараларда, байқауларда суырылып шығып, жүлделі орындарға ие болып, берлсенділік танытатынын айтады.

blank

Салтанатты ашылу барысында ауыл тұрғыны Иса Едіресов сөз алып, жаңа мәдениет ошағы ер бірлігін нығайтатын орталыққа айналатынына сенім білдірді.

«Бұл мәдениет үйі ауылымыздың рухани тірегіне айналады деп ойлаймыз. Іші шаттық пен шабытқа толы болсын. Осындай нысанның ашылуына атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Ауыл балалары осындағы үйірмелерге келіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ауыл атын асқақтата берсін», – дейді тұрғын.

Орталық ішінде ауыл кітапханасы да орналасқан. Кітапханашының айтуынша, мұнда жеті мыңнан астам кітап бар. Ауыл халқының кітап оқиға деген белсенділігі жоғары деп отыр.

blank blank blank blank

Ауыл әкімі Бауыржан Нұрғазин ғимарат бос тұрған соң, бірнеше жыл бұрын қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанын айтады.

«Ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары бес жыл бұрын басталған еді. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты жұмстар тоқтап қалды. Міне, биыл аудан әкімі Олжас Жомартұлының демеуімен аудандық бюджеттен 45 млн теңге бөлініп ғимаратты толық қалпына келтірдік. Ауылда ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарылды, әлі жалғасын таба беретін болады. Жыл сайын көшелер жөнделіп, ауыз су мәселесі толық шешілді», – дейді Айсары ауылының әкімі Бауыржан Нұрғазин.

Аудан әкімі Олжас Нұрғалиев жаңа ғимарат ашылуына орай, домбыра үйірмесіне 10 жаңа домбыра сыйға тартты. Айта кетейік, соңғы жылдары Айсар ауылында инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

blank blank blank

Жолдар жөнделіп, ауыз су тартылып, жаңа медициналық пункт бой көтерген. Ал жаңа мәдениет үйінің ашылуы ауылдың рухани өміріне тың серпін бермек.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор