Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстық Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған Ұлттық ұланың 66/97 әскери қызметшілері, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Академия тыңдаушыларымен кездесті.
Кездесу Полиция департаментінде өтті. Іс-шара барысында облыс басшысы ішкі істер органдары мен әскери қызметшілердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтіп, олардың жауапты қызметіне жоғары баға берді.

Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға ерекше назар аударатынын жеткізді.
– Заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылықтың, азаматтардың тыныштығы мен ертеңгі күнге деген сенімділігінің негізі. Сіздердің қызметтеріңіз – ерлік пен жоғары жауапкершіліктің үлгісі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атқарып отырған еңбектеріңіз орасан зор. Алдағы уақытта да материалдық-техникалық базаны нығайту және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыратын боламыз. Қызметіңізді жаңа деңгейге бірлесіп көтереміз және де біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс басшысы соңғы екі жылда облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 35 млрд теңге бағытталғанын атап өтті.

Бұл шаралар полиция қызметінің жеделдігі мен тиімділігін арттырып, қылмыс деңгейін төмендетуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізіп отыр.
Кездесу барысында қызметте ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер марапатталды. Облыс басшысы марапат иелеріне алғысын білдіріп, бұл награда олардың адал еңбегіне берілген жоғары баға екенін атап өтті.
«Бұл марапат мен үшін үлкен құрмет. Ол тек менің ғана емес, барша әріптестерімнің адал еңбегінің бағасы. Алдағы уақытта да қызметімді жауапкершілікпен атқаруға барымды саламын», -деді облыстық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Серікжан Жоңқабаев.
Сөз соңында Құмар Ақсақалов жеке құрамды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, қызметтеріне табыс, зор денсаулық және отбасыларына амандық тіледі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
