Денисов ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында жаңа қадам жасалды. 27-желтоқсан күні аудан орталығында «HOCKEY ALANY» жабық хоккей корты ашылды.
Заманауи үлгіде салынған нысан хоккей спортының дамуына өзгеше реңк қосары анық. Қуанышты жаңалық өңірдің спортсүйер қауымы үшін нағыз мерекеге айналды.

Салтанатты рәсімге аудан әкімі Руслан Қатпаев пен Қостанай облысы шайбалы хоккей федерациясының басшысы Рустам Донанов арнайы қатысып, жас хоккейшілер мен жаттықтырушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Ашылу рәсімінен кейін 2025-2026 жылғы маусымға арналған Денисов хоккей лигасының ойындары басталды. Оған ауданның бес ауылдық округінен және көршілес Бейімбет Майлин ауданынан командалар қатысуда.

Мұз аренасын аудандағы маңызды нысан деп атауымыз бекер емес. Соңғы бес жылда Денисов өлкесінде шайбалы хоккей спорты қарқынды дами түсті. Әсіресе жастар ерекше қызығушылық танытуда. Мұнда Денисов хоккей лигасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оның тарихы 2019 жылдан басталады. Сол жылы өткен алғашқы ойынға ауыл жастарынан жиналған бес команда қатысып, өзара сынға түскен.

Осылайша жастар арасында хоккей ойнау әдемі дәстүрге айналды. Бұл қадам жас толқынның бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына да ықпал етті. Бес жылдан бері тоқтаусыз және тұрақты түрде ұйымдастырудың нәтижесінде шайбалы хоккей лигасы қалыптасты. Бүгінде Денисов хоккейшілері аудан мақтанышына айналған. Одан қалды облыстың жарыстарда озық ойын үлгісін көрсетіп жүрген допы таяқ шеберлері бар.
«Жаңа арена – спортшыларға қысқы спорт түрлерімен ұзақ мерзімді айналысуға мүмкіндік сыйлайды. Ал жергілікті тұрғындар үшін мұзда сырғанауға арналған жайлы жағдай. Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын. Мұз айдыны аудан спортшылары мен әуесқойлардың басын қосатын тамаша жерге айналарына сенім мол», – деді Денисов аудандық спорт бөлімінің басшысы Наталья Филатова.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті жолдаған спорт бөлімі
