Әр азаматтың пікірі құнды

Әр азаматтың пікірі құнды

2026 жылғы 15 наурызда елімізде республикалық референдум өтеді. Дауыс беру мерзімі таяған сайын дайындық жұмыстары күшейе түсті.

Осы орайда Қарасу ауданындағы референдум учаскелерінің қазіргі тыныс-тіршілігін білу үшін ресми сауал жолдаған едік. Біздің сұраққа Қарасу ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Петр Павлина жауап берді. 

– Алдымен Қарасу ауданы бойынша ахуалға тоқталсаңыз. 

– Қарасу ауданында 20 146 тұрғын бар. Оның ішінде 12 633 адам дауыс беру құқығына ие. Референдум күні аудан аумағында 35 референдум учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар 1 аумақтық референдум комиссиясы қызмет атқарады. Учаскелік комиссиялардың құрамында 183 адам, ал аумақтық комиссия құрамында 7 адам бар. Комиссия мүшелері тәжірибесі жоғары білікті мамандар. Бүгінде барлық учаскелер еліміздегі маңызды науқанға 100 % дайын. Әзірлік жұмыстары күн сайын пысықталуда. Әр учаске материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. Референдум учаскелерінің дайындық деңгейін жақсы деп бағалауға болады.

– Дайындық барысында қандай іс-шаралар легі атқарылды? 

– Дауыс беру учаскелерін республикалық референдумға әзірлеу үшін кешенді ұйымдастыру-техникалық жұмыстар жүргізілді. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне тиісті оқыту ұйымдастырылып, дауыс беру тәртібі мен дауысты санау рәсімі туралы нұсқаулар таныстырылды. Халықты ақпараттандыру жұмысы да ойдағыдай жүргізілді. Дауыс берушілердің тізімдері тексеріліп, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді. Азаматтардың қолайлы әрі кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасалды. Сайлау процесінде ашық әрі әділдік, жариялылық және заңдылық қағидаттарын сақтауға ерекше назар аударылды.

– Референдум учаскелерінің іші дауыс беру процесіне дайын ба?

– Әрине, учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен, бюллетень жәшіктерімен, жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен және сайлаушыларға арналған ақпараттық материалдармен жабдықталды. Дауыс беру тәртібінің заңнама талабына сәйкес өтуі үшін кешенді шаралар қабылданды. Учаскелерде дауыс беру және дауыстарды санау рәсімі заңмен бекітілген тәртіпті қатаң сақтай отырып жүргізілмек. Сондай-ақ дайындықтан өткен комиссия мүшелері жұмыс істейтін болады. Бақылаушылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуына рұқсат. Дауыс беру процесінің барлық кезеңдерінде сайлау заңнамасының сақталуы қадағаланады. Барлық 35 референдум учаскесінің әрқайсысында екі бақылаушыдан отырады. Олардың арнайы оқудан өткенін тағы бір мәрте еске саламын. Аккредиттеуден өткен шетелдік байқаушылардың кез-келген референдум учаскесіне баруына мүмкіндік жасалған.

Республикалық референдум өтетін күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін дауыс беру учаскелерінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері болады. Сондай-ақ бейнебақылау камералары орнатылды. 35 референдум учаскесінің бәрі мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз жүріп-тұруына 100% бейімделді. Барлық учаскелерді пандустар бар және арнайы бұрыштар жасақталған. Бұл шаралардың барлығы ашықтықты, адалдықты және сенімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

– Республикалық референдумға қатысудың маңызы қандай деп ойлайсыз? 

Халық үшін маңызды тақырыптар референдум арқылы шешімін табады. Сол себепті референдумға қатысудың мәні зор. Әр азамат өз ұстанымын білдіріп, ел тағдырына қатысты тарихи шешімді қабылдауға үлес қосуы тиіс. Азаматтардың дауыс беру процесіне белсенді қатысуы демократиялық принциптерді нығайтады, қабылданған шешімдердің заңдылығын арттырады, халықтың нақты пікірін көрсетеді. Демек, референдумға қатысу – әрбір адамның азаматтық жауапкершілігінің көрінісі және ел дамуына қосқан үлесі.

– Қарасу ауданында республикалық референдум күніне орай мәдени-бұқаралық іс-шаралар жоспарланып отыр ма? 

– Иә, референдум өтетін күні бірқатар спорттық, мәдени және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ірі дауыс беру учаскелерінде жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама өткізу қарастырылып отыр. Дауыс беру қарсаңында баршаңызды республикалық референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарыңызды білдіруге шақырамын. Біздің әр қайсымыздың дауысымыз – еліміздің жарқын болашағын айқындайды.

Сұхбаттасқан Қымбат ДОСЖАНОВА

Қарасу ауданы